27 января 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІНІҢ КЕЗЕКТІ ЖЕТІСТІГІ

Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Тарих және қоғамтану» жалпы білім беру бағдарламасының еріктілік қызметте белсенділік танытқан бірінші курс студенттерін марапаттау рәсімі өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасындағы ең ірі гуманитарлық ұйым — Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қозғалысының құрамына кіретін Қазақстан Республикасы Қызыл Жарты Ай қоғамының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының қатысуымен ұйымдастырылды. Филиал директоры Шолпан Қасеновамен бірлесіп халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын енгізуге, Қызыл Жарты Ай қоғамының практикалық қызметін таныстыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды. Сонымен қатар Халықаралық еріктілер күніне орай семинар-тренинг өткізіліп, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша сабақтар ұйымдастырылды.

Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Қызыл Жарты Ай қоғамының қызметі мен оның негізгі гуманитарлық қағидаттары туралы ақпараттандыруды арттыруды мақсат еткен республикалық бейнероликтер байқауының қорытындысы шығарылды. Байқау нәтижесі бойынша Аманжолов университетінің студенттерінен құралған «Женева» командасы құрметті екінші орынды иеленді.

Барлық қатысушыларға гуманистік құндылықтарды дамытуға және еріктілік  қозғалысты ілгерілетуге қосқан үлестері үшін алғыс білдірілді.

Аталған іс-шара Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің әлеуметтік жауапкершілігі жоғары, бастамашыл әрі бейжай қарамайтын, қоғам дамуына үлес қосуға дайын жастарды тәрбиелеудегі маңызды рөлін тағы бір мәрте дәлелдеді.