16 января 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ БОЙЫНША ҚЫСҚЫ МЕКТЕПТІҢ ҚОРЫТЫНДЫ СЕМИНАРЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде жасанды интеллектке арналған қысқы мектеп аясында «Жасанды интеллект негіздері» тақырыбындағы қорытынды семинар өтті. Іс-шара ZOOM платформасы арқылы онлайн форматта ұйымдастырылды.

Семинардың спикері — техникалық ғылымдар докторы, Берлин қолданбалы ғылымдар және технологиялар университетінің профессоры Наталья Заец (Берлин қаласы, Германия). Қысқы мектептің негізгі мақсаты — университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерінің жасанды интеллект технологияларын жоғары білім беру саласында қолдану бойынша кәсіби құзыреттілігін арттыру, сондай-ақ білім беру үдерісіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізу.

Семинар барысында спикер жасанды интеллекттің негізгі ұғымдарына тоқталып, нейрожелілер ЖИ құралдарының тек бір бөлігі ғана екенін атап өтті. Ал жасанды интеллект ұғымы логикалық ережелерге негізделген сараптамалық жүйелерден бастап, нейрожелілер мен математикалық оңтайландыру әдістерін біріктіретін гибридті шешімдерге дейінгі кең ауқымды қамтиды. Практикалық мысалдар арқылы бұл технологиялардың энергетика саласында тұтынуды болжау, жабдықтарды диагностикалау және жүйелердің жұмысын оңтайландыру бағыттарында тиімді қолданылатыны көрсетілді.

Сонымен қатар семинарда жасанды интеллекттің даму перспективаларына ерекше назар аударылды. Сарапшылардың деректеріне сәйкес, генеративті ЖИ бизнес-процестерге белсенді түрде енгізіліп, еңбек өнімділігі мен экономиканың дамуына елеулі ықпал етіп отыр. Сондай-ақ ЖИ жүйелерін әзірлеудің негізгі мақсаттары — үлкен деректер көлемін өңдеу, тиімділікті арттыру және алгоритмдердің бейімделгіштігін қамтамасыз ету екені айтылды.

Сөз соңында Наталья Заец ChatGPT секілді құралдардың тар бағыттағы жасанды интеллектке жататынын атап өтті. Олар Жалпы жасанды интеллект болып саналмайды, себебі саналы ойлау мен әлемді терең түсіну қабілетіне ие емес және деректердегі статистикалық заңдылықтарды талдау негізінде жұмыс істейді.

Қысқы мектептің қорытынды іс-шарасы ретінде өткен бұл семинар университеттің білім беру және оқу-әдістемелік қызметінде жасанды интеллект технологияларын қолданудың өзектілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.