19 февраля 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕГІ ТҮСТЕР МЕРЕКЕСІ КҮНІ

AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕГІ ТҮСТЕР МЕРЕКЕСІ КҮНІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті жанындағы «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы базасында жарқын да жүрекке жылу сыйлаған «Түстер мерекесі күні» өтті. Университет қонақтары ретінде Ұлан ауданы бойынша ШҚО білім басқармасына қарасты «Привольное кешені мектеп–ясли–балабақша» КММ-нің 2, 3 және 7-сынып оқушылары қатысты.

Мереке Разноцветная игра әніне (Барбарики тобы) арналған көңілді сергіту жаттығуларымен басталды. Бұл алғашқы минуттардан-ақ балаларға көтеріңкі көңіл күй мен мол қуат сыйлады. Күлкі, қозғалыс және жарқын эмоциялар мерекенің басты көркіне айналды.

Жетінші сынып оқушылары үшін «Professional Upgrading» мансап орталығы университет бойынша танымдық экскурсия-саяхат ұйымдастырды. Оқушылар ЖОО-ның білім беру ортасымен танысып, дайындық бағыттары мен болашақ кәсіби өсу мүмкіндіктері туралы мағлұмат алды.

Ал екінші және үшінші сынып оқушылары «Түсті тап» атты танымдық ойынға және «Қиялдар теңізі» шығармашылық байқауына белсене қатысты. Балалар қиял-ғажайып теңіз балықтарын салып, өздерінің қиялы мен креативтілігін көрсетті. Әрбір сурет кішкентай суретшінің даралығын бейнеледі.

Мереке түрлі-түсті станциялар бойынша қызықты саяхатпен жалғасты: «Спорттық» — түрлі-түсті шарлармен өткен көңілді эстафеталар қатысушыларға шаттық, күлкі және командалық рух сыйлады; «Эко-достар» — балалар табиғат пазлдарын құрастырып, «қоқысты» ойын арқылы сұрыптады, саусақ жаттығуларын орындап, зейін мен үйлесімділікті дамытатын нейроойындарды қызыға ойнады; «Театрлық» — бұл жерде эмоциялар мен мимика жанданып, ертегі кейіпкерлері өмірге келді, жас өнерпаздар жаңа рөлдерді қуана қабылдады.

Қонақтармен «Дефектология» (4-курс) және «Бастауыш білім (IP)» (2-курс) білім беру бағдарламаларының студент-еріктілері жұмыс істеді. Олардың белсенділігі, шынайылығы мен қамқорлығы қолдау мен сенімге толы атмосфера қалыптастырды.

Мерекенің шарықтау шегі «Достық кемпірқосағы» шығармашылық байқауы болды. Үлкен ватман бетінде балалар бірігіп жарқын кемпірқосақ жасады: әр сынып өз түсіне жауап беріп, жылы лебіздер жазды. Нәтижесінде бірлік, өзара түсіністік пен достықты бейнелейтін әсем туынды пайда болды.