2026 жыл – Халықаралық еріктілер жылы аясында 19 ақпанда Өскемен қаласы әкімдігінің «О.Бөкей атындағы ОКЖ» КММ-нің №2 кітапхана-бөлімшесінде «Жасыл үй» экологиялық орталығының ұйымдастыруымен жоғары оқу орны мен колледж студенттері арасында британ форматындағы дебат турнирі өткізілді.
Іс-шараға Экология және география кафедрасының 6В05202 – Экология және 6В05203 – Гидроэкология, менеджмент және трансшекаралық су қауіпсіздігі білім беру бағдарламаларының екінші курс студенттері белсенді қатысты. Қатысушылар қатарында: Ерғазы С., Қыдырменова С., Советова З., Каженова Н., Казбекова М., Айдаров Ж. бар.
Турнирдің басты мақсаты – жастардың сыни ойлау қабілетін дамыту, азаматтық белсенділігін арттыру және еріктілік мәдениетін қалыптастыру. Пікірсайыс британ форматы бойынша ұйымдастырылып, төрт команда өз позицияларын қорғады: Opening Government; Opening Opposition; Closing Government; Closing Opposition
Дебат барысында еріктілер қозғалысының қоғамдағы рөлі, экологиялық бастамалардағы маңызы, жастардың әлеуметтік жауапкершілігі жан-жақты талқыланды. Қатысушылар мазмұнды аргументтер келтіріп, қарсы тарап пікірлеріне дәлелді жауап берді және регламент талаптарын сақтай отырып жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
Қазылар алқасы қатысушыларды мазмұн сапасы, дәлелдердің тереңдігі, сөйлеу логикасы, регламентті сақтау және қарым-қатынас мәдениеті критерийлері бойынша бағалады.
Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталды.
Осындай интеллектуалдық алаңдар – белсенді, жауапты әрі саналы ұрпақ тәрбиелеудің маңызды қадамы. Жастардың қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуы – ел болашағының берік кепілі.