20 февраля 2026


ЗАҢ МЕН ТӘРТІП: АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «АКАДЕМИЯЛЫҚ АДАЛДЫҚ – ҚОҒАМНЫҢ КЕПІЛІ» АТТЫ ЗИЯТКЕРЛІК QUIZ ОЙЫНЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Заң мен тәртіп» қағидаттарын кеңінен насихаттау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және академиялық адалдық құндылықтарын дәріптеу мақсатында «Академиялық адалдық – қоғамның кепілі» атты зияткерлік Quiz ойыны ұйымдастырылды.

Іс-шара университеттің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметі мен тәрбие жұмысы және әлеуметтік сұрақтар жөніндегі бөлімінің бірлесуімен өткізілді. Зияткерлік сайысқа университеттің әртүрлі құрылымдық бөлімшелерінен құралған 8 команда қатысып, қатысушылардың білім деңгейі, тапқырлығы мен жылдам ойлау қабілеті сынға түсті.

Сайыс барысында командалар академиялық адалдық қағидаттары, құқықтық мәдениет негіздері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыптары бойынша өз білімдерін ортаға салды. Интеллектуалдық ойын жастардың әділдікке, ашықтыққа және жауапкершілікке деген көзқарасын қалыптастыруға бағытталып, жоғары адамгершілік құндылықтарды насихаттауға зор ықпал етті.

Академиялық адалдық – әрбір білім алушының жауапкершілігін арттырып, әділ әрі ашық қоғам құрудың берік негізі болып табылатын маңызды қағидат. Осындай мазмұндағы іс-шаралар студенттердің құқықтық санасын көтеріп, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізеді.

Іс-шара қорытындысы бойынша жүлделі орындар анықталды.

І орынға Жоғары колледждің «Креатив» командасы ие болды.

ІІ орынды «Шуақ» волонтерлік клубы жеңіп алды.

ІІІ орын Бизнес және құқық жоғары мектебінің «Қанағат» командасына бұйырды.

Жеңімпаз командалар Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Басқарма төрағасы – Ректордың кубогімен марапатталып, арнайы алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.