20 февраля 2026
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ ЖӘНЕ ПРОРЕКТОРЫНЫҢ МАҚАЛАСЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТТЫҚ АГЕНТТІК «ҚАЗИНФОРМҒА» ЖАРИЯЛАНДЫ
Қазақстан Республикасында ұсынылған жаңа Конституция жобасы ел дамуының жаңа сапалық кезеңін айқындайтын стратегиялық құжат ретінде бағалануда. Аталған жоба мемлекеттің құқықтық жүйесін түбегейлі жаңғыртып, «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидаттарын нақты құқықтық нормалар арқылы бекітуді мақсат етеді. Бұл жөнінде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің өкілдері өз көзқарастарын білдіріп, пікірлерін Kazinform халықаралық ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында ортаға салды.
Университет ректоры Мұхтар Төлегеннің айтуынша, жаңа Конституция жобасы жекелеген немесе косметикалық түзетулермен шектелмей, елдің бүкіл құқықтық архитектурасын сапалы түрде жаңартуға бағытталған. Қазақстан қазіргі таңда аса маңызды тарихи кезеңге қадам басып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған конституциялық реформалар қоғамда қалыптасқан әділдікке, ашықтыққа және биліктің халық алдындағы есептілігіне деген сұраныстың заңды жалғасы болып табылады. «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамалары енді декларативті сипаттан арылып, тікелей әрекет ететін құқықтық нормаларға айналуда. Бұл өз кезегінде мемлекетті басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға негіз болады.
Ректор атап өткендей, Конституция жобасы кең ауқымды қоғамдық талқылаудан өтті, азаматтардың ұсыныстары мен сарапшылардың қорытындылары ескерілді. Конституция баптарының басым бөлігіне өзгерістер енгізілуі елде жүріп жатқан реформалардың терең әрі жүйелі екенін көрсетеді. Жобаның түпкі мәні – адамды, оның құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғарғы құндылығы ретінде бекіту. Осы тұрғыда адам құқықтарын қорғау кепілдіктері күшейтіліп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен өзара тежемелік жүйесі жетілдіріледі. Сот билігінің рөлі артып, жергілікті өзін-өзі басқарудың дербестігі кеңейеді, ал референдум халықтың еркін тікелей білдірудің маңызды құралы ретінде конституциялық деңгейде нығаяды. Сонымен қатар, кінәсіздік презумпциясы, бір құқық бұзушылық үшін қайта жауапкершілікке тартуға жол бермеу, азаптауға және адам қадір-қасиетін қорлайтын әрекеттерге толық тыйым салу нақты бекітіледі.
Университеттің стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Ирина Ровнякова жаңа Конституция жобасының стратегиялық және құндылықтық сипатына ерекше назар аударды. Оның пікірінше, бұл құжат Қазақстанның болашақ даму моделін айқындайды және оның өзегінде адам, оның қадір-қасиеті, білімі мен жасампаз әлеуеті тұр. Конституцияның алғашқы бабында адамға бағдарланған даму қағидатының бекітілуі – осы бағыттың айқын дәлелі. Сонымен бірге, преамбулада мәдениет, білім беру, ғылым және инновация салаларының басымдық ретінде нақты көрсетілуі Қазақстанның білім мен ғылымға негізделген экономикаға бет алғанын білдіреді.
Жаңа Конституция жобасында ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне, сондай-ақ зияткерлік меншікті қорғауға айрықша мән берілген. Бұл нормалар IT-сектордың, стартап-экожүйенің дамуына, ғылыми зерттеулердің коммерцияландырылуына және инновациялық экономиканың қалыптасуына берік құқықтық негіз қалайды. Цифрлық трансформация жағдайында азаматтардың дербес деректерін қорғау, цифрлық сәйкестендіру қауіпсіздігі және онлайн-кеңістіктегі құқықтарын сақтау ерекше өзектілікке ие. Сонымен қатар, ақпараттық қауіпсіздік пен жасанды интеллект этикасы да жаңа конституциялық көзқарастың маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады.
Сарапшылардың ортақ пікірінше, жаңа Конституция жобасы бойынша түпкілікті шешім республикалық референдумда қабылданады. Азаматтардың бұл үдерістегі белсенді қатысуы ел болашағына деген жауапкершіліктің көрінісі болып табылады және құқықтық мемлекетті одан әрі нығайтуға ықпал етеді. Бұл қадам Қазақстанда демократиялық құндылықтарды, құқықтық мәдениетті және әділетті қоғам құру идеясын тереңдетуге қызмет етеді.

