17 февраля 2026
ҒАЛЫМДАРМЕН КЕЗДЕСУ: ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ТАЛҚЫЛАУ ӨТТІ
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында көтерілген өзекті мәселелер бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде, ректор Мұхтар Төлеген бастамасымен, ғалымдармен өткізілген кездесуде жан-жақты талқыланды. «Жоғары білім мен ғылым: цифрландыру және жасанды интеллект жылы» тақырыбы аясында қозғалған бастамалар қазіргі ғылымның даму бағытын айқындайтын маңызды бағдар екені сөзсіз.
Ғалымдармен өткен мазмұнды әрі нәтижелі кездесуде отандық ғылымды дамыту, ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру және университеттің ғылыми әлеуетін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Алқа отырысында айтылған цифрландыру, жасанды интеллектті ғылым мен білім беру үдерістеріне енгізу, ғылыми басқаруды жетілдіру сияқты бағыттар университет деңгейінде нақты талқылауға түсті.
Басқосу барысында университет ғалымдарының ғылыми-зерттеу жұмыстары, олардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесі атап өтілді. Сонымен қатар, жас ғалымдарды қолдау, ғылыми кадрларды даярлау, ғылыми нәтижелерді тәжірибеге енгізу және инновациялық жобаларды дамыту мәселелері кеңінен қозғалды. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Ғалымдар ғылыми инфрақұрылымды жетілдіру, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, академиялық еркіндікті нығайту жөнінде өз ұсыныстарын білдірді. Пікір алмасу ғылыми қауымдастықтың белсенділігі мен ел болашағына деген жауапты көзқарасын айқын көрсетті.
Жалпы, бүгінгі кездесу ғылым саласында көтеріліп отырған өзекті мәселелерді нақты деңгейде талқылауға, ортақ ұстаным қалыптастыруға мүмкіндік берді. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалымдары алдағы уақытта да отандық ғылымды дамытуға елеулі үлес қосып, елдің зияткерлік әлеуетін арттыру жолында табанды еңбек етеді деп сенеміз.




