16 февраля 2026
ҚР СЕНАТЫНЫҢ ҚОЛДАУЫМЕН АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ III «SENAT OPEN» ШАХМАТ КУБОГЫ ӨТУДЕ
Қазақстан шахмат федерациясы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен университет ректоры Мұхтар Төлегеннің қолдауымен 2026 жылғы 14–15 ақпанда Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті базасында III ашық «Senat Open» шахмат кубогын өткізуде. Бұл ауқымды спорттық-интеллектуалдық іс-шара еліміздегі шахмат қозғалысын дамытуға, жастардың зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Аталған турнирді қабылдап отырған Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті – өңірдегі жетекші жоғары оқу орыны. Университет соңғы жылдары ғылыммен қатар спорт пен зияткерлік ойындарды дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. «Senat Open» сынды республикалық деңгейдегі беделді турнирдің дәл осы білім ордасында өтуі – университеттің инфрақұрылымдық мүмкіндіктерінің, ұйымдастырушылық әлеуетінің және қоғамдық беделінің жоғары екенін айқын көрсетеді.
III ашық «Senat Open» шахмат кубогы еліміздің әр өңірінен келген тәжірибелі шахматшыларды, жас дарындарды, студенттер мен әуесқой ойыншыларды бір алаңға тоғыстырды. Турнир қатысушылары үшін университет қабырғасында барлық қажетті жағдай жасалып, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне баса мән берілді.
Бұл дода тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен қатар жастар арасында стратегиялық ойлау, зияткерлік мәдениет пен академиялық құндылықтарды дәріптейтін маңызды алаңға айналуда. Университет студенттері үшін мұндай шаралар – кәсіби біліммен қатар, логикалық ойлау қабілетін дамытуға, белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға үлкен мүмкіндік.
«Senat Open» турнирінің Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде өтуі оқу орнының республика көлеміндегі имиджін арттырып, университеттің білім, ғылым және зияткерлік спортты ұштастыра дамытатын заманауи орталық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Осындай мазмұнды әрі ауқымды іс-шаралар алдағы уақытта да университет қабырғасында жалғасын тауып, еліміздің интеллектуалдық әлеуетін нығайтуға өз үлесін қоса беретіні сөзсіз.
