16 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫЛАРЫ «ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ОҚЫТУШЫСЫ – 2025» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНКУРСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АТАНДЫ

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен Алматы қаласында еліміздің жоғары білім саласындағы ең беделді байқаулардың бірі – «Жылдың үздік оқытушысы – 2025» республикалық конкурсы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі салтанатты түрде өтті. Бұл айтулы жиын отандық ғылым мен білімнің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген үздік педагогтарды ұлықтауға арналды.

Аталған байқауда Аманжолов университетінің оқытушылары – Мұратқан Мадияров пен Нұрғамит Қантай жоғары кәсіби шеберліктері мен ғылыми-педагогикалық қызметтегі елеулі жетістіктерінің арқасында жеңімпаз атанып, «Жылдың үздік оқытушысы – 2025» атағына ие болды.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова арнайы құттықтап, әріптестерімізге лайықты марапатты табыстады. Бұл – тек жеке жетістік қана емес, сонымен қатар Аманжолов университетінің білім мен ғылым саласындағы жүйелі еңбегінің, академиялық әлеуетінің жоғары екенін айқын дәлелдейтін маңызды оқиға.

Аталған мәртебелі атақ – ұзақ жылдар бойғы табанды еңбек пен ізденістің, жастарға сапалы білім берудегі адалдықтың, ғылыми жаңалықтарға ұмтылудың нақты нәтижесі. Мұратқан Мадияров пен Нұрғамит Қантайдың бұл жеңісі – әріптестер мен жас оқытушыларға үлкен мотивация, ал білім алушылар үшін зор мақтаныш.