13 февраля 2026
ЗАҢ МЕН ТӘРТІП: АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «IT ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ» ОБЛЫСТЫҚ ХАКАТОНЫ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің IT және жаратылыстану жоғары мектебі және Жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар кафедрасының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» бағдарламасы аясында «IT ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ» атты хакатон ұйымдастырылды. . Хакатонның мақсаты – жастар арасында есірткіге қарсы күреске бағытталған цифрлық шешімдерді әзірлеу және заманауи ІТ құралдары арқылы әлеуметтік мәселелердің алдын алу. Байқауға облыс орталығынан, сондай-ақ Алтай және Шемонаиха қалаларынан 8 колледждің 24 студенті өтінім берді.
Қатысушыларға әлеуметтік маңызы бар бағдарламалық өнімдер әзірлеу тапсырылды. Жобалар есірткінің алдын алу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдіру және қоғам қауіпсіздігін арттыру бағыттарына арналды. Хакатон барысында командалар өз өнімдерін таныстырып қана қоймай, құзыретті сарапшылар алдында жобаларын негіздеп, қорғады.
Нәтижесінде үздік жобалар ретінде келесі командалар танылды: «DataNomads» (Дәулет Серікбаев атындағы IT колледж), «Alpha Creative» (Сәрсен Аманжолов атындағы Жоғары колледж), «Cyber Code» (Өскемен Жоғары политехникалық колледжі).
Әділқазылар алқасының құрамында ЖИ және АТ кафедрасының профессоры Жеңіскүл Жантасова, математика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ержан Малгаждаров, ЖИ және АТ кафедрасының меңгерушісі Гульнур Жунусова, кафедраның сениор-лекторы Айнұр Уалханова және инженер-бағдарламашы Нұрсұлтан Қахарманов болды.
Хакатон жастардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, олардың ІТ саласындағы шығармашылық әлеуетін қоғам игілігіне бағыттауға мүмкіндік берді.
Аманжолов университеті осындай бастамалар арқылы жастарды салауатты өмір салтына үндеп, цифрлық технологияларды әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге тиімді пайдалануға баулуды мақсат етеді.
Университет алдағы уақытта да «Заң мен тәртіп» бағдарламасы аясында жастардың белсенділігін қолдайтын, қоғам қауіпсіздігі мен тұрақты дамуына үлес қосатын жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыра бермек.






