13 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫЛАРЫ ATAMEKEN BUSINESS АРНАСЫНДАҒЫ ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

Бүгін Atameken Business медиахолдингінің «Түскі формат» және «Дневной формат» ақпараттық бағдарламаларының тікелей эфирінде «Жаңа Конституция жобасы. Шетелдік қаржыландыру не себепті тоқтатылады?» тақырыбы жан-жақты талқыланды.

Аталған сараптамалық бағдарламаларға онлайн форматта Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің оқытушылары қатысып, ұсынылып отырған Конституциялық өзгерістерге қатысты өз пікірлерін білдірді. Бағдарламаның мақсаты – қоғамды толғандырып отырған өзекті мәселені кәсіби және құқықтық тұрғыдан талдау, көрермендерге түсінікті әрі негізді ақпарат ұсыну.

Қазақ тілінде өткен «Түскі формат» бағдарламасында заң ғылымдарының кандидаты, «Құқықтану» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Жанна Садықанова сөз сөйлеп, жаңа Конституция жобасындағы шетелдік қаржыландыруға қатысты нормалардың мәні мен маңызын түсіндірді. Ол ұсынылып отырған өзгерістердің ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға, мемлекеттік тәуелсіздікті қорғауға және ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Ал орыс тілінде өткен «Дневной формат» бағдарламасында «Құқықтану» кафедрасының сениор-лекторы, заң магистрі Аксана Каленова пікір білдірді. Ол халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, шетелдік қаржыландыруды реттеу мәселесінің көптеген елдерде қолданылатынын, бұл шаралар азаматтық қоғам институттарының ашықтығын арттыруға және заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.

Тікелей эфир барысында спикерлер жаңа Конституция жобасының негізгі қағидаттарына, атап айтқанда, «Заң мен тәртіп», ұлттық мүдде, мемлекеттің ішкі істеріне сыртқы ықпалдың алдын алу мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ көрермендер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, талқыланған тақырып бойынша құқықтық түсіндірмелер ұсынылды.

Бағдарламаға Аманжолов университеті оқытушыларының қатысуы оқу орнының қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді араласатынын, профессор-оқытушылар құрамының кәсіби сараптамалық әлеуетінің жоғары екенін көрсетті. Университет ұжымы алдағы уақытта да қоғам үшін маңызды мәселелерді талқылауға атсалысып, ғылыми және құқықтық көзқарас тұрғысынан түсіндіру жұмыстарын жалғастыра бермек.