13 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ӘСКЕРИ КАФЕДРА СТУДЕНТТЕРІНІҢ АУҒАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 37 жыл толуына орай Ауған соғысының ардагерлері мен жауынгер-интернационалистермен кездесу өтті. Тағылымды шараға әскери кафедра студенттері, профессор-оқытушылар құрамы және қоғам өкілдері қатысты.

Кездесудің модераторы тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Жаннета Калимолдина болды. Ол өз сөзінде жауынгер-интернационалистердің ерлігі, отансүйгіштігі мен әскери борышқа адалдығы жас ұрпақ үшін әрдайым өнеге болып қала беретінін атап өтті.

Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында Ауған соғысының ардагерлері Қайрат Мареуов, Андрей Кожуховский, Ақылбек Самкенов, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облыстық «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиал төрағасы Айтқазы Шерубаев және Қазақстан тарихы мен әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Раушан Айдарбаева болды.

Кездесу барысында Ауған соғысына Қазақстаннан 22 мыңнан астам азамат қатысқаны, олардың 761-і қаза тапқаны, 21 адамның хабар-ошарсыз кеткені және үш мыңға жуық жауынгердің ауыр жарақатпен елге оралғаны атап өтілді. Қаза тапқан жауынгерлерді еске алу мақсатында бір минут үнсіздік жарияланды.

Ардагерлер әскери қызмет жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп, жауынгерлік бауырластықтың маңызын атап өтті. Сонымен қатар олар студенттерге бейбітшілікті сақтауға, ел тәуелсіздігін қадірлеуге және Отанға адал, жауапты азамат болуға шақырды. Іс-шараның мазмұнын студенттердің музыкалық және поэзиялық қойылымдары толықтырды.

Университетте әскери-патриоттық тәрбиеге ерекше көңіл бөлінетіні атап өтілді. 2019 жылдан бері оқу орнында Қабанбай батыр атындағы әскери кафедра жұмыс істеп келеді. Мұнда болашақ офицерлер даярланып, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда.