13 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ «КӨШПЕНДІЛЕР КӨРПЕСІМЕН РЕКОРДҚА» АТТЫ ШЕБЕРЛІК САҒАТЫН ӨТКІЗДІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ІТ және жаратылыстану ғылымдарының жоғары мектебі, физика және технологиялар кафедрасының «Кәсіптік оқыту, көркем еңбек және графика» білім беру бағдарламасының ұйымдастыруымен «Көшпенділер көрпесімен рекордқа» атты шеберлік сағаты өтті. Іс-шара университеттің 7-оқу ғимаратындағы 307-кәсіби өнер және еңбек шығармашылық шеберханасында ұйымдастырылды.

Шеберлік сағаттың негізгі мақсаты – Aselina Batyr брендімен бірлесе отырып, рекордқа ұсынылатын «Көшпенділер көрпесі» жобасына қатысу және ұлттық сәндік-қолданбалы өнерді дәріптеу. Жоба аясында өлшемі 2×2 метр болатын көрпе тігіліп, қатысушыларға ою-өрнектерді жапсырудың жеңілдетілген технологиялары мен «сынық мүйіз» оюын тігу әдістері үйретілді.

Сабақты «UAU» жеке кәсіпорнының бас маманы, шығыс құрақтанушысы Айжан Төлеуханқызы жүргізді. Шеберлік сағатқа қатысушыларға алған білімдерін растайтын сертификаттар табысталды. Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының көркем еңбек пәні мұғалімдері офлайн және онлайн форматта қатысты.

Шеберлік сағат барысында қатысушылар ұлттық қолөнердің дәстүрлі элементтерін заманауи технологиялармен ұштастырып, теориялық және практикалық дағдыларын жетілдірді. Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне мүмкіндік жасаған университет басшылығына қатысушылар алғыстарын білдірді.