12 февраля 2026
АДАМ ҚҰҚЫҒЫНА ЖАУАПТЫ ҚҰЖАТ — УНИВЕРСИТЕТ РЕКТОРЫ МҰХТАР ТӨЛЕГЕННІҢ МАҚАЛАСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІНДЕ ЖАРЫҚ КӨРДІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлегеннің «Адам құқығына жауапты құжат» атты мақаласы республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді. Мақалада ректор Конституция жобасының маңыздылығы, оның азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге қосатын үлесі туралы жан-жақты ойларын бөліседі.
Мұхтар Төлеген атап өткендей, Ата заң еліміздің құқықтық жүйесінің іргетасы болып табылады. Ол мемлекеттік биліктің барлық тармағының, ішкі және сыртқы саясаттың стратегиялық бағыттарын айқындайтын маңызды құжат екенін баса көрсеткен. Сонымен қатар, Конституция әкімшілік, азаматтық, қылмыстық, еңбек және өзге де құқық салаларының негізін құрайтынын атап өткен.
Ректор заңгер ретінде Конституция жобасына енгізілетін ұсыныстарды қарау бойынша Конституциялық комиссияның жұмысын мұқият бақылап отырғанын айтады. Жоба қоғам арасында кең талқылаудан өтіп, шамамен 2000 ұсыныс түскен. Барлық ұсыныстар мұқият зерделеніп, нәтижесінде Конституциялық комиссия Конституция мәтінінің 84 пайызына өзгерістер енгізуді ұсынған. Мұндай бастама қоғам тарапынан кең қолдау тапты.
Мақалада жаңа Конституция жобасының «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын алғаш рет Конституция деңгейінде нақты және жүйелі түрде көрсететінін атап өту маңызды. Бұл қағидаттар құқық үстемдігін нығайтуға, әділетті басқару жүйесін қалыптастыруға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған.
Ректор арнайы назар аударуды ұсынған бап — 16-1. Бұл бап азаматтардың құқықтарына берілетін кепілдіктерді күшейтеді. Оның ішінде кінәсіздік презумпциясы, бір құқық бұзушылық үшін қайта жауапқа тартылмау және азаматтың өз кінәсін дәлелдеуге міндетті болмау қағидаттары қарастырылған. Мұндай норма азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басымдығын нақты бекітеді.
Сонымен қатар, жаңа түзетулер 17–21-баптарда елеулі өзгерістер енгізген. Мәселен: 20-1 тармақ: Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмайды және заңмен қорғалады. 20-2 тармақ: Ешкім азаптауға, зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгез немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтын іс-әрекеттер мен жазаларға ұшыратылмауға тиіс.
Мұхтар Төлегеннің пікірінше, бұл тұжырымдар Конституция халықтың пікірі мен мүддесін ескере отырып әзірленгенін айқын көрсетеді. Жаңартылған Ата заң еліміздің тұрақты дамуына, әділетті қоғам құруға және құқықтық мемлекетті нығайтуға берік негіз болатынына сенім мол.

