6 февраля 2026


РЕСПУБЛИКАЛЫҚ NEWSROOM.KZ САЙТЫНДА АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ МҰХТАР ТӨЛЕГЕННІҢ КОНСТИТУЦИЯҒА АРНАЛҒАН БАЯНДАМАСЫ ЖАРИЯЛАНДЫ

Newsroom.kz республикалық ақпараттық сайтында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлегеннің «Конституция – Әділетті Қазақстанның іргетасы» тақырыбындағы баяндамасы жарық көрді. Жарияланым елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды конституциялық реформалардың мәні мен маңызын терең талдауға арналған.

Баяндамада Конституцияның кез келген мемлекеттің құқықтық жүйесіндегі айрықша орны атап өтіледі. Негізгі заң мемлекеттік билік органдарының қызмет бағытын айқындап қана қоймай, ішкі және сыртқы саясаттың базалық қағидаттарын белгілейді, сондай-ақ әкімшілік, азаматтық, еңбек және қылмыстық-процестік құқық салаларын реттеудің басты көзі болып табылады. Автордың пайымдауынша, Қазақстан үшін Конституция – тек заңдық құжат емес, мемлекеттіліктің іргетасы әрі құқықтық тәртіптің басты кепілі.

Мұхтар Төлеген баяндамасында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан конституциялық өзгерістердің елдің саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртудағы шешуші рөліне ерекше тоқталады. «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамалары жаңа Конституция жобасында нақты құқықтық мазмұнға ие болып, мемлекет пен қоғам дамуының ұзақмерзімді стратегиялық бағдары ретінде айқындалғаны атап өтіледі.

Баяндаманың маңызды тұстарының бірі – адам құқықтары мен қадір-қасиетін мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде тану қағидаты. Бұл ұстаным қоғам мен мемлекет арасындағы сенім мен өзара жауапкершілікке негізделген жаңа қоғамдық келісімнің іргетасын қалыптастырады. Президенттің мемлекеттің басты миссиясы – халыққа қызмет ету екені жөніндегі ұстанымы Конституция арқылы нақты құқықтық тетікке айналуы тиіс екені атап көрсетіледі.

Қорытындылай келе, мақалада жаңа Конституция жобасы Әділетті Қазақстанды құру жолындағы шешуші қадам екені атап өтіледі. Оның болашағы жалпыхалықтық референдумда азаматтардың еркімен айқындалмақ. Қоғамның бұл үдерістегі белсенді қатысуы – елдің болашағы үшін ортақ жауапкершілік.