30 января 2026


АГРОСАЛАДАҒЫ ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР: АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ МАСТЕР-КЛАСС

Ғылыми қызметкерлер мен «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС мамандарының біліктілігін арттыру жоспары аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Цифрлық технологиялар және модельдеу зертханасының ғалымдары «Ауыл шаруашылығындағы жасанды интеллект технологиялары» тақырыбында семинар өткізді.

Семинар барысында аграрлық салада жасанды интеллектті қолданудың заманауи тәсілдері қарастырылып, ауыл шаруашылығын цифрландырудың өзекті мәселелері талқыланды. Сонымен қатар алдағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың ықтимал бағыттары айқындалды.

Сондай-ақ «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС өкілдері Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Цифрлық технологиялар және модельдеу зертханасына таныстыру экскурсиясы аясында барды. Сапардың негізгі мақсаты – зертхананың материалдық-техникалық базасымен танысу және цифрлық технологиялар, мониторинг пен модельдеу салаларында серіктестік орнату перспективаларын талқылау болды.

Кездесу барысында қонақтарға зертхананың заманауи материалдық-техникалық базасы таныстырылып, ғылыми зерттеулер мен қолданбалы әзірлемелердің негізгі бағыттары көрсетілді. Зертхана мамандары ауыл шаруашылығы алқаптарын мониторингтеуде қолданылатын Geoscan 201 және DJI Matrice 350 RTK ұшқышсыз ұшу аппараттарының, сондай-ақ климаттық деректерді жинау және талдауға арналған METOS 5 автоматты метеорологиялық станциясының мүмкіндіктері мен практикалық қолданылуы туралы жан-жақты ақпарат берді.

Сонымен қатар цифрлық ауыл шаруашылығы жобалары мен ғылыми зерттеулерді іске асыру үшін қажетті үлкен деректерді сақтау, өңдеу және талдауды қамтамасыз ететін HPE серверлік жабдықтарына ерекше назар аударылды.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар аграрлық салаға заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге және ғылыми қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған бірлескен ғылыми-зерттеу және қолданбалы жобаларды дамытуға өзара қызығушылық білдірді.