27 января 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ: 2025 ЖЫЛДЫҢ ӨСІМДІКТЕР БИОЛОГИЯСЫ ЖӘНЕ БИОТЕХНОЛОГИЯСЫ БАҒЫТЫ БОЙЫНША ҚОРЫТЫНДЫСЫ

2025 жыл өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы бағыты үшін стратегиялық өсу мен ғылыми әлеуетті нығайту кезеңі болды. Біз негізгі қызметімізді жалғастырып қана қоймай, сондай-ақ болашақ ірі жобалардың іргетасын қалау бағытында маңызды қадамдар жасадық.

Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ базасында және ҚР Ғылым академиясының ғылыми-әдістемелік қолдауымен АӨК саласындағы Өңірлік форсайт орталығы құрылып, тұрақты жұмыс істейді. Орталықтың мақсаты – Шығыс Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың ұзақ мерзімді болжамдары мен стратегияларын әзірлеу. Орталық инновациялар мен стратегиялық жоспарлауды енгізу, талдау, болжау және ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу арқылы ШҚО АӨК дамуына нақты үлес қосып, республикалық деңгейдегі сарапшылық рөлімізді бекітеді.

Аталған бағыт толыққанды ғылыми мектеп ретінде қалыптасты. Бакалаврлар мен магистрлерді даярлаумен қатар, біздің екі ғылыми қызметкеріміз – К. Богданова және Г. Доланбаева – PhD докторантурасына қабылданды, ал олардың диссертациялық зерттеулері біздің университет базасында жүргізіледі. Бұл ғылыми басшылық пен зерттеу құралдарының жоғары деңгейін растайды.

Зерттеу нәтижелері халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда 2 мақала ретінде жарияланды. Әрбір жарияланым – отандық ғылымның дамуына қосқан нақты үлесіміз болып табылады.

Зертхана жас ғалымдар үшін бастапқы зерттеу алаңы қызметін атқарады. Күзгі «Дарын» және «Зерде» байқауларында 3 сынып оқушысы Әдият Ержанов  1 орынға, ал 3 сынып оқушылары Д. Тутункина мен А. Еркинбек 2 орынға ие болды. Әдият Ержанов өз жобасын «Дарын» республикалық кезеңінде ұсынуға дайындалуда. Біз осылайша зерттеушілердің жаңа буынын тәрбиелеп, ғылыми мектепті дамытамыз.

Зертхананың ерекше мақтанышы ретінде 100-ден астам сұрыпты картоптың бірегей коллекциясы атап өтуге болады. Бұл өңірде теңдесі жоқ селекциялық және биотехнологиялық жұмыстарға арналған құнды генетикалық материал болып табылады.