23 января 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY ЛОНДОНДАҒЫ BETT UK 2026 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІНДЕ
Amanzholov University әлемдегі ең ірі әрі беделді халықаралық білім көрмелерінің бірі — Bett UK 2026 шарасына қатысты. Бұл көрме жыл сайын дүниежүзінің 100-ден астам елінен келген ондаған мың қатысушыны біріктіреді. Қатысушылар қатарында университеттер мен мектептердің өкілдері, білім беру ұйымдары, технологиялық компаниялар және мемлекеттік құрылымдар бар. Bett UK білім берудің болашағы, цифрлық технологиялар және оқытудың инновациялық тәсілдері талқыланатын негізгі жаһандық алаңдардың бірі саналады.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін халықаралық деңгейде университет қызметкері Дана Нигманова таныстырды. Ол қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританиядағы Лидс университетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп жүр.
Bett UK 2026 аясында білім саласындағы халықаралық серіктестермен және сарапшылармен бірқатар кездесулер ұйымдастырылды. Солардың ішінде Amanzholov University-дің әріптесі әрі құрметті профессоры, Норвегияның Оңтүстік-Шығыс университетінің өкілі Агунг Холемен кездесудің маңызы ерекше болды. Кездесу барысында академиялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, тәжірибе алмасу, сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу бастамаларын жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды.
Сонымен қатар көрме аясында цифрлық білім беру шешімдері мен инновациялық технологияларға маманданған халықаралық Unowa компаниясының стендіне барылды. Amanzholov University бұл компаниямен 2023 жылдан бері серіктестік орнатып, озық білім беру құралдарын енгізу, оқу үдерісін цифрландыру және студенттер мен оқытушылар үшін мүмкіндіктерді кеңейту бағытында бірлесіп жұмыс істеп келеді. Бұл бастамалар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауды да қамтиды.
Amanzholov University-дің Bett UK 2026 көрмесіне қатысуы халықаралық әріптестікті нығайтуға, кәсіби байланыстарды кеңейтуге және университеттің әлемдік білім кеңістігіндегі беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Бұл өз кезегінде оқу орнының инновацияға, инклюзивтілікке және халықаралық ынтымақтастыққа ұмтылысын айқын дәлелдейді.







