23 января 2026


ТАБЫСҚА ЖОЛ АШАТЫН УНИВЕРСИТЕТ: AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕГІ АШЫҚ ЕСІК КҮНІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ауқымды Ашық есік күні — Open Day – Amanzholov University өтті. Іс-шараға Өскемен қаласындағы мектептердің 10–11-сынып оқушылары, мұғалімдер мен ата-аналар қатысты. Көптеген қонақ үшін бұл — болашақ мамандық пен университетті саналы таңдауға жасалған алғашқы қадам болды. Ал іс-шара форматы университетпен танысуды заманауи білім мен технология әлеміне қызықты саяхатқа айналдырды.

Open Day тек білім беру бағдарламаларын таныстырумен шектелген жоқ. Оның басты мақсаты — оқушыларға бірнеше жылдан кейін өз кәсіби жолының қалай қалыптасуы мүмкін екенін көрсету және «университет деген тек дәріс пен емтихан» деген түсінікті өзгерту. Бұл күні оқу орны өзін өсуге, өзін табуға және табысты мансап бастауға мүмкіндік беретін орта ретінде таныта білді.

Бағдарламаның негізгі бөлігі — AMANZHOLOV EDU EXPO кәсіби бағдар көрмесі болды. Мұнда әрбір Жоғары мектеп өз бағдарламаларын жалпы сипаттамамен емес, студенттердің нақты жұмыстары арқылы ұсынды: инженерлік әзірлемелер, стартап жобалар, жасанды интеллектке негізделген цифрлық шешімдер. Оқушылар идеяның жобаға айналатынын, теорияның тәжірибеге ұласатынын көзбен көріп, болашақ мамандықтардың қыр-сырына жақыннан қанықты.

Қонақтардың ерекше ықыласын Чипик есімді робот-ит тартты — ол университеттің технологиялық мүмкіндігін айқын көрсеткен жарқын символға айналды. Робот қозғалып, берілген командаларға жауап беріп, бірден көпшіліктің назарын өзіне аударды. Көптеген оқушы үшін дәл осы сәт «Мен осында оқығым келеді» деген шынайы ойды оятты.

Ашық есік күнінің ресми бөлімі концерттік бағдарлама және Amanzholov University жетістіктері туралы бейнероликпен басталды. Бүгінде университет өңірдегі жетекші білім беру әрі ғылыми-инновациялық орталықтардың қатарында. Ол QS Stars халықаралық рейтингінде 4 жұлдызға ие, Орталық Азия университеттері арасында 39-орында тұр. Сондай-ақ 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы көпсалалы жоғары оқу орындарының үздік төрттігіне енген. Бұған қоса, түлектердің 100% жұмысқа орналасуы — дайындық сапасының нақты көрсеткіші.

Оқушыларға құттықтау сөзін университеттің Басқарма төрағасы — ректоры, профессор Мұхтар Төлеген және Басқарма төрағасының орынбасары, стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ирина Ровнякова арнады. Ректор университеттің құндылығы тек дипломмен өлшенбейтінін атап өтті: бұл — болашақ экономикасына қажет дағдылар қалыптасатын орта. Атап айтқанда, сыни ойлау, шығармашылық, командамен жұмыс істей білу және өз таңдауыңа жауапкершілікпен қарау. Оқу барысында студенттер нақты жобаларға, стартаптарға, ғылыми зерттеулерге және халықаралық бағдарламаларға белсенді араласады.

Іс-шараның әсерлі жалғасы — концерт, сондай-ақ «AI Lifehack Battle: жасанды интеллект оқушыға қалай көмектеседі» байқауының финалы болды. Қатысушылар ИИ-ді оқу мен күнделікті өмірде қолдану жолдарын ұсынып, жаңа буынның батыл, технологияға жақын әрі уақыт талабына дайын екенін дәлелдеді. Сонымен қатар залмен интерактивті ойын өткізіліп, қатысушыларға оқу ақысын жеңілдететін купондар мен жеңілдіктер таратылды.

Ресми бөлімнен кейін қонақтарды интерактивті сессиялар, квесттер, зияткерлік ойындар және студенттер мен оқытушылармен еркін жүздесу күтіп тұрды. Оқушылар сұрақтарын қойып, түрлі бағытта өздерін сынап көріп, университет өмірінің ашық, қарқынды әрі шабыт сыйлайтын атмосферасын сезінді.