23 января 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ ҰЛТТЫҚ ҚҰРАҚ ӨНЕРІН ЖАҢҒЫРТТЫ

Ұлттық қолөнерді насихаттауға бағытталған «Мағыналы құрақтар» атты шеберлік-сағаты ұйымдастырылып, көпшілікке ұсынылды. Іс-шараның басты мақсаты – ата-бабадан мұра болып қалған құрақ құрау өнерінің мағынасын кеңінен таныстыру, оның тәрбиелік және рухани құндылығын дәріптеу, сондай-ақ дәстүрлі өнерге деген қызығушылықты арттыру.

Шеберлік-сағатты Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі, Физика және технологиялар кафедрасының өндірістік оқыту шебері, шығыстың құрақтанушысы Айжан Умбетова өткізді. Ол өз тәжірибесімен бөлісіп, құрақ құрау өнерінің шығу тарихы, композициялық ерекшеліктері және әр өрнектің символдық мағынасы туралы кеңінен баяндады.

Іс-шара барысында қатысушылар құрақ құраудың дәстүрлі әдіс-тәсілдерімен танысып қана қоймай, оны қазіргі заманғы тұрмыста, сән және интерьер дизайнында қолдану жолдары жөнінде пайдалы ақпарат алды. Сонымен қатар, шеберлік-сағат тәжірибелік форматта өтіп, қатысушылар өз қолдарымен құрақ құрау жұмыстарына қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Тағылымды кездесу ұлттық мәдени мұраны сақтау, қолөнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізу және шығармашылық әлеуетті дамытуға бағытталған маңызды бастама ретінде өтті. Мұндай шаралар қоғамда дәстүрлі өнерге деген қызығушылықты арттырып, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға ықпал етеді.

Шара Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи ландшафтық музей-қорығында халықтық және сәндік-қолданбалы қолөнер бөлімінің ғылыми қызметкері Жадыра Рахатованың ұйымдастыруымен өтті.

Шеберлік-сағатқа 2023 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Аламан құрақ» және «Көшпенділер көрпесі» жобаларының қатысушылары, сондай-ақ Ұлан ауданының «Асыл әжелер алқасының» мүшелері қатысып, өз өнерлерімен бөлісіп, қолдау көрсетті.