22 января 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ОҚУЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «6В07201 – Қайта өңдеу өндірісінің технологиясы» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері Аяулым Аянқызы мен Диннура Байжуманова академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде (Астана қ.) бір семестрлік оқуын сәтті аяқтады.

2025 жылғы 1 қыркүйек пен 25 желтоқсан аралығын қамтыған оқу кезеңі студенттер үшін мазмұнды әрі нәтижелі өтті. Алғашқы күндері жаңа академиялық ортаға бейімделу қажет болғанымен, білім алушылар қысқа уақыт ішінде қабылдаушы университеттің оқу үдерісі мен белсенді студенттік өміріне тез араласып кетті. Бағдарламаның басты артықшылықтарының бірі – теориялық білім мен тәжірибеге бағытталған оқытудың үйлесімді ұштасуы болды.

Оқу үдерісімен қатар Аманжолов университетінің студенттері республикалық деңгейдегі қоғамдық-салалық іс-шараларға да белсене қатысты. Атап айтқанда, олар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырған Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің екінші форумына қатысушылар қатарында болды. Көрсеткен бастамашылдығы мен белсенділігі үшін Аяулым Аянқызы мен Диинура Байжумановаға Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың атынан алғыс хаттар табысталды.

Студенттердің айтуынша, академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысу олардың кәсіби білімін тереңдетіп қана қоймай, өмірлік маңызды тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берген. Алған дағдылар, жаңа таныстықтар мен әсерлер кәсіби өсу мен тұлғалық дамуға қосымша серпін берді.

Қазіргі таңда білім алушылар жинақтаған тәжірибесі мен білімін курстастарымен бөлісуге дайын, осылайша Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің академиялық ортасын дамытуға өз үлестерін қосуды мақсат етуде.