15 января 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ САБАҚТЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ БАРЫСЫНДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТКЕ НЕГІЗДЕЛГЕН ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Жоғары білім берудегі жасанды интеллект» қысқы мектебі аясында «БОӨЖ және БӨЖ ұйымдастырудағы цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері» тақырыбында әдістемелік семинар өтті.

Семинар қатысушыларға арналған сергіту ойынымен басталып, топтық жұмыстар арқылы оқытушылардың өзара ынтымақтастығы мен белсенділігі арттырылды. Мұндай интерактивті тәсілдер оқу процесіне қызығушылықты күшейтіп, тәжірибе алмасуға қолайлы орта қалыптастырды.

Семинардың негізгі мақсаты – оқытушылардың білім алушылардың оқытушы жетекшілігімен өзіндік жұмысы (БОӨЖ) мен білім алушылардың өзіндік жұмысын (БӨЖ) ұйымдастыруда жасанды интеллектке негізделген заманауи цифрлық технологияларды тиімді қолдану құзыреттілігін арттыру. Семинарды педагогикалық білім және менеджмент кафедрасының сениор-лекторлары Айнұр Қозыбаева, Балым Абалакова, Айнұр Аубакирова, Нұргүл Акитбаева жүргізді.

Спикер Айнұр Қозыбаева цифрлық технологиялардың оқу үдерісіндегі рөліне тоқталып, өз пікірін білдірді:
«Цифрлық құралдар БОӨЖ бен БӨЖ-ді тек ұйымдастыруды жеңілдетіп қана қоймай, білім алушылардың жауапкершілігі мен мотивациясын арттырып, олардың өз бетінше білім алу дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Оқытушы үшін бұл – білім беру сапасын жаңа деңгейге көтерудің тиімді жолы», – деді ол.

Семинар барысында спикерлер қатысушыларға жасанды интеллектке негізделген түрлі цифрлық бағдарламалардың жұмыс істеу принциптерін көрсетіп, оларды пайдалану арқылы БОӨЖ және БӨЖ-ді тиімді ұйымдастырудың нақты практикалық жолдарымен бөлісті. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, кәсіби тәжірибе алмасты.

Аталған әдістемелік семинар оқытушылардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға, заманауи цифрлық білім беру ортасын қалыптастыруға және оқу үдерісінің тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды. Бұл бастама Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде білім беру сапасын жетілдіруге және жоғары білім беру жүйесінде цифрлық трансформация мен жасанды интеллект технологияларын дамытуға қосылған нақты қадамдардың бірі болып табылады.