14 января 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖҮЙЕЛЕРІНДЕГІ КОДТАЛҒАН МӘДЕНИЕТ ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР ӨТТІ

Бүгін жоғары білім беруде жасанды интеллект технологияларын қолдануға арналған Қысқы мектеп аясында «Кодталған мәдениет: көптілді жасанды интеллект жүйелерінде мәдени және лингвистикалық мағыналарды дәл жеткізудің қағидаттары мен модельдері» тақырыбында үшінші онлайн-семинар өтті.

Іс-шара ZOOM платформасында бейнеконференция форматында ұйымдастырылып, жасанды интеллектіні мәдени және тілдік әралуандылықты ескере отырып дамыту мен енгізу мәселелеріне қызығушылық танытқан оқытушылар мен зерттеушілерді біріктірді.

Семинар спикері – Нұрлан Құлмырзаев, PhD, Қызылорда қаласындағы «Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті» КЕАҚ Жасанды интеллект институтының директоры.

Баяндаманың барысында көптілді ЖИ жүйелері контексіндегі кодталған мәдениет ұғымдары, сондай-ақ заманауи жасанды интеллект модельдерінің архитектурасында жекелеген тілдердің басымдыққа ие болуымен байланысты мәселелер мен тәуекелдер қарастырылды. Сонымен қатар, ЖИ модельдерін әзірлеу және оқыту кезінде ұлттық-мәдени бірегейлікті сақтау, мағыналарды дәл жеткізу, тілдік нормалар мен когнитивтік ерекшеліктерді ескеру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Спикер қазіргі жасанды интеллект модельдері көптілді қолдауға ие болғанымен, көбіне ағылшын тілі негізінде қалыптасқан логикалық, грамматикалық және семантикалық құрылымдарға сүйенетінін атап өтті. Бұл жағдай ұлттық тілдердің дамуы мен олардың цифрлық болашағы үшін стратегиялық сын-қатер тудыруы мүмкін.

Семинар қатысушылар арасында үлкен қызығушылық тудырып, интеллектуалдық жүйелерді жобалауда мәдениетке бағдарланған тәсілдерді интеграциялау, сондай-ақ лингвистикалық және мәдени әралуандылықты ескеретін ЖИ шешімдерін әзірлеу мәселелері бойынша кәсіби пікірталас алаңына айналды.

Аманжолов университетінде Қысқы мектеп аясында осындай іс-шаралардың өткізілуі профессор-оқытушылар құрамының ғылыми-әдістемелік құзыреттілігін арттыруға, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және білім беру мен ғылыми ортада жасанды интеллектіні дамытудың тұрақты тәсілдерін қалыптастыруға ықпал етеді.