14 января 2026
СӘРСЕН АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІ – ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДІ ІСКЕ АСЫРАТЫН КАДРЛАР ДАЯРЛАУ ОРТАЛЫҒЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау және осы бағытта білікті кадрлар даярлау бойынша жүйелі әрі кешенді жұмыс жүргізіп келеді. Университет өз қызметінде Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталған мемлекеттік саясат пен стратегиялық бастамаларын кезең-кезеңімен жүзеге асыруда.
Университет ректоры Мұхтар Төлегеннің бастамасымен білім беру, ғылыми-зерттеу және әлеуметтік қолдау бағыттарын біріктіретін «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы ашылды. Орталық оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, университет студенттері мен магистранттарын даярлау, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен және олардың ата-аналарымен жұмыс, сондай-ақ білім беру ұйымдары педагогтерінің кәсіби құзыреттерін арттыру бағыттары бойынша қызмет атқарады.
2023 жылы университет базасында инклюзивті және арнайы білім беру саласына бағытталған инновациялық білім беру бағдарламалары іске қосылды. Бакалавриат деңгейінде «Эргопедагогика (IP)» және «Ерте қолдау педагогикасы (IP)», ал магистратура деңгейінде «Арнайы педагогика: аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларды сүйемелдеу (IP)» білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламалар еңбек нарығының заманауи талаптарына сәйкес әзірленіп, өңірде инклюзивті білім беру саласына қажетті мамандарды даярлауға бағытталған.
2023–2025 жылдар аралығында университет базасында «Ғылым қоры» АҚ қолдауымен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу және әдістемелік-технологиялық қолдау көрсетуге арналған құзырет орталығының коммерцияландыру жобасы іске асырылды. Жоба аясында инклюзивті білім беру мен арнайы педагогика саласында заманауи ғылыми-практикалық шешімдер әзірленіп, тәжірибеге енгізілді. Арнайы жабдықтардың үлгілері жасалып, патенттелді. Атап айтқанда, кресло және кереует-вертикализаторлар, реттелетін оқу жиһазы, бағдарламалық қамтамасыз етумен жабдықталған дефектологтың кәсіби үстелі әзірленді. Нәтижесінде 5 патент пен 14 авторлық құқық туралы куәлік алынды.
2023–2025 жылдары ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 6 студенттік стартап жоба әзірленіп, тәжірибеге енгізілді. Бұл жобалар қолданбалы шешімдерді дамытуға және студенттердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталды.
Инклюзивті және арнайы білім беруді дамыту Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасымен және оның ведомстволық ұйымдарымен тығыз әріптестікте жүзеге асырылуда. Университет серіктестері қатарында облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, өңірлік ғылыми-әдістемелік орталық, мектеп-интернат, аутизм орталығы, қала және аудандық білім бөлімдері, сондай-ақ «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Шығыс Қазақстан филиалы бар. Ынтымақтастық аясында әдістемелік сүйемелдеу, педагогтердің біліктілігін арттыру, бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру, авторлық әдістемелерді апробациялау және инновациялық жабдықтарды білім беру ұйымдарына енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Соңғы үш жыл ішінде «Dana bala» орталығы педагогтер мен ата-аналарға арналған 30-дан астам білім беру іс-шарасын өткізді. Атап айтқанда, воркшоптар, оқыту және практикалық семинарлар ұйымдастырылды. 2025 жылы облыстық деңгейде екі воркшоп, халықаралық қатысумен үш ата-аналар семинары, республикалық кейс-конференция және «Өрлеу» филиалы тыңдаушыларына арналған он практикалық семинар өткізілді. Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы серіктес ұйымдар өткізген іс-шараларға тұрақты түрде спикер ретінде қатысып келеді.
2025 жылы университет базасында инклюзивті білім беру саласында 1300 педагог кәсіби біліктілігін арттырды. Университет оқытушылары әзірлеген ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге арналған авторлық әдістемелер жеке білім беру траекторияларын қалыптастыруға бағытталып, өңірдегі білім беру ұйымдарының тәжірибесіне белсенді енгізілуде. Қазіргі таңда университет инклюзивті және арнайы білім беру саласы бойынша алты біліктілікті арттыру бағдарламасын жүзеге асырады, оның төртеуі Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген. «Жалпы білім беретін мектепте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеу бойынша педагог-ассистенттің кәсіби құзыреттерін дамыту» бағдарламасы бойынша 2025 жылы 185 педагог қайта даярлаудан өтті.
Соңғы үш жылда «Dana bala» орталығының дефектологтары мен логопедтері 108 балаға түзету-дамыту қызметтерін көрсетті. Оның ішінде кохлеарлық импланты бар балалар, аутизм спектрі бұзылыстары бар балалар, тірек-қимыл аппараты бұзылған және сөйлеу тілінің дамуы тежелген балалар бар.
2025 жылдың желтоқсан айында университет базасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған «Armandar kerueni» жобасы іске қосылды. Жоба аясында өткен екі шығармашылық байқауға Шығыс Қазақстан облысының 6 жастан 18 жасқа дейінгі 210 оқушысы қатысты.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті 2026 жылы да «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы арқылы инклюзивті білім беруді дамыту, ведомствоаралық өзара іс-қимылды кеңейту және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырады.









