27 января 2026


«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАСТАМАСЫ АЯСЫНДА АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ТАЗАЛЫҚ АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде:

«Таза Қазақстан – бұл бір реттік акция емес, бұл әр азаматтың өмір салты» деп атап өткен болатын. Аталған бастама ел көлемінде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

Осы ұстанымды қолдай отырып, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде 2026 жылдың 26–30 қаңтар аралығында «Таза аудитория – жаңа идеялар мекені» атауымен Тазалық аптасы басталды. Апталықтың басты мақсаты – білім алушылар мен қызметкерлер арасында тазалық мәдениетін нығайту, оқу үдерісіне қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру, сондай-ақ ұжымдық жауапкершілікті арттыру.

Тазалық апталығының алғашқы күні университеттің бірінші, екінші және тоғызыншы оқу ғимараттарында санитарлық-тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Аудиториялар, зертханалар, дәліздер мен ортақ пайдаланылатын аумақтар тазартылып, оқу кеңістігінің эстетикалық келбеті жаңартылды. Іс-шараға университет қызметкерлері мен студенттер белсене қатысып, бірлескен жұмыс үлгісін көрсетті.

Аталған бастама білім ордасында тек тазалықты сақтауға ғана емес, сонымен қатар ұқыптылық, тәртіп және қоршаған ортаға жанашырлық секілді маңызды құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған. Себебі таза әрі жайлы орта – сапалы білім мен тың идеялардың, шығармашылық ізденістің берік негізі.

Тазалық апталығы аясында алдағы күндері оқу ғимараттарында тазалық жұмыстарын жалғастыру, санитарлық талаптарды сақтау бойынша түсіндіру іс-шараларын өткізу және экологиялық мәдениетті насихаттауға бағытталған бастамалар жүзеге асырылатын болады.