20 января 2026
СЫР ӨҢІРІНДЕГІ ҚҰРЫЛТАЙ: ҰЛТТЫҚ КЕЛІСІМ МЕН НАҚТЫ ШЕШІМДЕРДІҢ ТОҒЫСЫ
Бүгін Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысы қоғам мен билік арасындағы диалогтың мазмұнын кеңейтіп, ұлттық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді.
Алдыңғы отырыстарда көтерілген бастамалардың елеулі бөлігі Парламент деңгейінде қаралып, нақты заңнамалық шешімдерге айналды. Атап айтқанда, Құрылтай бастамаларын іске асыру аясында төрт отырыстың қорытындысы бойынша 26 заң қабылданып, қазіргі уақытта бірқатар бағыттар бойынша 10 заң жобасы пысықталуда. Бұл үдеріс мемлекеттік басқару жүйесіндегі ашықтықты арттырып, қоғаммен кері байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Құрылтайда талқыланған мәселелер білім мен ғылым саласының стратегиялық міндеттерімен тығыз сабақтас. Университеттің басты мақсаты – өңірлік және ұлттық даму қажеттіліктеріне сай білікті кадрлар даярлау, ғылыми әлеуетті арттыру, сондай-ақ жастардың кәсіби және азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру. Осы бағытта білім беру бағдарламаларын жаңғырту, тәжірибеге бағдарланған оқытуды күшейту және халықаралық әріптестікті кеңейту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Қазіргі кезеңде цифрлық трансформация, жаңа технологиялар мен жасанды интеллект бағыттарының дамуы жоғары білім беру жүйесіне жаңа талаптар қойып отыр. Университеттер үшін бұл оқу үдерісін жаңарту, ғылыми зерттеулерді қолданбалы нәтижеге бағыттау және студенттердің цифрлық құзыреттерін дамыту қажеттігін айқындайды. Осыған байланысты білім беру мазмұнын заманауи талаптарға бейімдеу және инновациялық жобаларды қолдау бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Құрылтайда көтерілген «Заң және тәртіп», әділет қағидаты, еңбек құндылығы, кітап оқу мәдениеті, отбасы мен балалар қауіпсіздігі, қоғамдық этика секілді мәселелер университеттің тәрбие жұмысы мен әлеуметтік жауапкершілік ұстанымдарымен үндеседі. Бұл бағыттар жастардың дүниетанымын кеңейтуге, азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуына жол ашады.
Қорытындылай келе, Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтай қоғамдық пікір мен нақты шешімдердің өзара байланысын қамтамасыз ететін маңызды алаң екенін көрсетті. Университет қауымдастығы қоғам мен мемлекеттің дамуына бағытталған бастамаларды қолдай отырып, сапалы білім беру, ғылымды дамыту және жауапты азамат тәрбиелеу ісіне өз үлесін қоса береді.

