15 января 2026


СПАРТАКИАДА–2026: ҮСТЕЛ ТЕННИСІНЕН ТАРТЫСТЫ КЕЗДЕСУЛЕР ӨТТІ

Aманжолов университетінде дәстүрлі түрде өтетін жыл сайынғы спорттық іс-шара — спартакиаданы үстел теннисінсіз елестету мүмкін емес. Олимпиадалық спорт түрлерінің қатарына кіретін бұл ойын биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жарыстар екі ойыншыдан құралған командалар арасында өтті.

Командалық есептегі тартысты кездесулер үш партиядан тұрды. 2001 жылдан бері қолданыстағы халықаралық ережелерге сәйкес, әр партия 11 ұпайға дейін жалғасады. Жарыстың әділ өтуін мәдениет, спорт және бастапқы әскери дайындық кафедрасының сениор-лекторы, төреші Алишер Төлебаев қадағалады.

— Барлық ойыншылардың салауатты өмір салтын ұстанатыны байқалады. Епті, белсенді, сергек. Нағыз Олимпиада ойындарындағыдай ерекше энергия сезіледі. Мұндай іс-шаралар салауатты өмір салтын насихаттаудың маңызды бөлігі, — деп пікір білдірді.

Командалық жарыс қорытындысы бойынша Педагогика жоғары мектебінің командасы үшінші орынды иеленсе, Бизнес және құқық жоғары мектебі екінші орынға тұрақтады. Ал жеңіс IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің командасына бұйырды.

Жеке есепте ерлер арасында Ерлан Баденбаев бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын Алишер Төлебаевқа, үшінші орын Диас Ерболатқа бұйырды. Әйелдер арасында Ақмарал Жақсылықова жеңімпаз атанса, екінші орынды Мария Колична, үшінші орынды Айжан Мұхамадиева иеленді.