14 января 2026


«СПАРТАКИАДА–2026»: ВОЛЕЙБОЛ САЙЫСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде дәстүрлі «Спартакиада–2026» жалғасуда. Бұл іс-шара университет қызметкерлері мен студенттері арасында салауатты өмір салтын насихаттауға және командалық рухты дамытуға бағытталған. Спартакиада аясында бұған дейін шахмат, тоғызқұмалақ, жүзу, арқан тарту және футзалдан жарыстар өтті. Келесі сайыстардың бірі — волейбол ойыны ұйымдастырылып, қатысушылар мен жанкүйерлерге естен кетпес әсер мен қызықты ойындар сыйлады.

Волейбол матчтарына университеттің әртүрлі құрылымдық бөлімшелерінен командалар қатысты. Әр команда алты ойыншыдан құралды. Сайыста мәдениет, спорт және бастапқы әскери дайындық кафедрасының оқытушысы Асхад Шарапиев төрешілік етті.

Ойындар қарқынды әрі әсерлі өтті. Қатысушылар әрбір доп үшін күресіп, шеберлік деңгейін және жеңіске деген ұмтылысын көрсетті. Волейбол сайысының қорытындысы бойынша бірінші орынды Жоғары колледж командасы иеленсе, екінші орынды Шаруашылық департаменті, үшінші орынды Педагогика жоғары мектебі командасы алды.

Волейбол сайысы спартакиаданың кезекті күнін лайықты қорытындылап, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-да спорттың университет қызметкерлері мен студенттерінің өмірінде маңызды орын алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.