18 февраля 2026


«ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ ӨМІР – ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМ КЕПІЛІ»: СТУДЕНТТЕРГЕ АРНАЛҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ ДӘРІС ӨТТІ

IT және Жаратылыстану жоғары мектебінің Биология кафедрасында «Зорлық-зомбылықсыз өмір – қауіпсіз қоғам кепілі» тақырыбында мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор дәріс ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдарын түсіндіру және қауіпсіз қоғам қалыптастырудағы әрбір азаматтың жауапкершілігін ұғындыру.

Дәріске қалалық прокуратураның прокуроры Аяжан Ержанқызы арнайы қатысып, құқықтық мәселелер бойынша кең көлемде ақпарат берді. Өз сөзінде ол зорлық-зомбылықтың негізгі түрлеріне тоқталып, олардың алдын алу тетіктерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясындағы жауапкершілік мәселелерін жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар азаматтардың өз құқықтарын қорғау жолдары мен құқық қорғау органдарына жүгіну тәртібі нақты мысалдармен баяндалды.

Кездесу ашық форматта өтіп, студенттер тарапынан жоғары қызығушылық тудырды. Қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылық, кибербуллинг, жеке қауіпсіздік және құқықтық жауапкершілікке қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Аяжан Ержанқызы кәсіби тәжірибесіне сүйене отырып, әр сұраққа түсінікті әрі мазмұнды жауап берді.

Аталған дәріс студенттердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, азаматтық ұстанымын нығайтуға және қауіпсіз орта құруға деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етті. Мұндай тағылымды кездесулер білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, қоғамда зорлық-зомбылықсыз орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.