13 февраля 2026


ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ: «ОҚУ ҮДЕРІСІНДЕГІ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: МҮМКІНДІКТЕРІ МЕН ТӘУЕКЕЛДЕРІ»

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Жоғары колледжінде халықаралық қатысумен «Оқу үдерісіндегі жасанды интеллект: мүмкіндіктері мен тәуекелдері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын білім беру үдерісіне енгізу тәжірибесін талқылау, олардың педагогикалық әлеуеті мен ықтимал тәуекелдерін анықтау, сондай-ақ білім беру жүйесінде ЖИ-ді тиімді, этикалық және қауіпсіз қолдану бойынша практикалық ұсынымдар әзірлеу болды.

Дөңгелек үстелдің ашылуында қатысушыларға құттықтау сөзін басқарма төрағасының орынбасары – стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ирина Ровнякова арнап, білім беруді цифрландырудың өзектілігін, сондай-ақ оқу қызметінде интеллектуалды технологияларды пайдалануда жауапты көзқарастың маңыздылығын атап өтті.

Іс-шараға келесі ұйымдардың қызметкерлері мен оқытушылары қатысты: РФ Иркутск мемлекеттік университеті Федералдық мемлекеттік бюджеттік жоғары білім беру мекемесі; Бішкек инновациялық колледжі; І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің «Zhansugurov College» колледжі; Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті КЕАҚ Жоғары колледжі.

Дөңгелек үстел барысында жасанды интеллектті білім беру ортасына енгізудің негізгі мәселелері жан-жақты қарастырылды. Қатысушылар ЖИ-ді оқытуда, білімді бағалауда, оқытуды дараландыруда және педагогикалық үдерістерді автоматтандыруда қолдану мүмкіндіктерін талқылады.

Сонымен қатар, нейрожелілік технологияларды пайдалануға байланысты ықтимал тәуекелдерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, академиялық адалдық, ақпараттық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау және этикалық аспектілер мәселелері қозғалды. Баяндамашылар оқу және әдістемелік жұмыста ЖИ құралдарын қолданудың практикалық мысалдарымен бөлісіп, білім алушылардың цифрлық сауаттылығын қалыптастыру бойынша өз тәсілдерін ұсынды.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар жасанды интеллект қазіргі білім берудің маңызды ресурсына айналып отырғанын, алайда оны қолдану нақты нормативтік және әдістемелік ұсынымдарды әзірлеуді, педагогтердің құзыреттілігін арттыруды және студенттер арасында технологияларды жауапты пайдалану мәдениетін қалыптастыруды талап ететінін атап өтті.

Дөңгелек үстел кәсіби диалог жүргізуге, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және білім беруді цифрлық трансформациялау саласында тәжірибе алмасуға тиімді алаңға айналды.

Жоғары колледж барлық қатысушыларға белсенді қатысқандары және мазмұнды баяндамалары үшін алғыс білдіреді, сондай-ақ серіктестік байланыстар мен бірлескен бастамалардың одан әрі дамуына үміт артады.