13 февраля 2026
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІНІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН АЛҚА ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен «Жоғары білім және ғылым: цифрландыру және жасанды интеллект жылы» тақырыбында кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Алқа отырысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2025 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындыларын ұсынып, 2026 жылға арналған басым міндеттерді айқындады. Министр баяндамасында жоғары білім мен ғылыми зерттеулердің өзара сабақтастығы, білім беру үдерісіне заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу, сондай-ақ жас ғалымдар мен зерттеушілерді қолдаудың стратегиялық маңызы кеңінен қамтылды.
Ауқымды іс-шараға Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті белсенді қатысып, ғылыми әлеуетін таныстырды. Университет атынан ғылыми жобалар көрмесінде суды тазартуға арналған композиттік сүзгі материалдарын өндіру технологиясын коммерцияландыру жобасы ұсынылды. Жоба аясында әзірленген Aqua-Saf сүзгі жүйесі толықтай отандық өнім болып табылады.
Өнімнің коммерциялық аналогтарынан басты ерекшелігі – сүзгі элементтерін дайындауда модификацияланған көміртегі мен графен оксидінің қолданылуы. Бұл технология суды ластаушы зиянды қосылыстардан жоғары тиімділікпен тазартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сүзгі элементтері толығымен жергілікті шикізат негізінде дайындалған. Жобаның ғылыми жетекшісі – Тілек Қуанышбеков.
Көрме барысында ұсынылған жобаға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ерекше қызығушылық танытып, жоғары бағасын берді.
Алқа отырысы аясында бірқатар өзекті тақырыптар бойынша дәрістер мен баяндамалар ұйымдастырылды. Атап айтқанда:
«Жоғары білім және технологиялар трансферті арқылы әлеуетті дамыту»; «Қазіргі заманғы инженерлік білім беру үлгісі: цифрландыру, өнеркәсіптік интеграция және халықаралық әріптестік»; «Бизнес пен жоғары білім: өзара іс-қимыл әлеуеті және жас ғалымдарды қолдау».
Аманжолов университеті алдағы уақытта да жоғары білім мен ғылымды дамытуға бағытталған ұлттық бастамаларды қолдап, инновациялық жобаларды жүзеге асыру, жас ғалымдарды қолдау және ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек.




