12 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ «ЖОҒАРЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ: ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖЫЛЫ» АТТЫ КЕҢЕЙТІЛГЕН АЛҚА ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жоғары білім және ғылым: цифрландыру және жасанды интеллект жылы» тақырыбындағы кеңейтілген алқа отырысы аясында бірқатар маңызды іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, табысты өтті.

Алқа отырысында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен вице-министр Гүлзат Көбенова сөз сөйлеп, жоғары білім мен ғылымды дамытудың басым бағыттарына, цифрландыру үдерістерін жүйелі іске асыруға және жасанды интеллект технологияларын білім беру мен ғылыми зерттеулерге енгізудің маңыздылығына тоқталды. Іс-шара барысында ғылыми қауымдастық, жоғары оқу орындары және өндіріс саласының өкілдері арасында мазмұнды пікір алмасу өрбіді.

Бағдарламаға сәйкес ғылыми жобалар көрмесі ұйымдастырылып, оның аясында жұмыс кеңесі өткізілді. Сонымен қатар жұмыс кеңесінің жалғасы өтіп, ғылыми жобалар көрмесі күні бойы өз жұмысын жалғастырды. Көрме барысында отандық ғалымдар мен жас зерттеушілердің ғылыми әзірлемелері таныстырылып, қатысушылар тарапынан жоғары қызығушылыққа ие болды.

Кеңейтілген алқа отырысы аясында «Қаныш әлемі» орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аталған орталық ғылымды дамытуға, инновациялық жобаларды қолдауға және жас ғалымдардың әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды ғылыми-инновациялық алаң ретінде өз жұмысын бастады.

Аталған ауқымды іс-шараға Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті де белсенді қатысып, өзінің ғылыми әлеуетін таныстырды. Университет тарапынан ғылыми жобалар көрмесінде суды тазартуға арналған композиттік сүзгі материалдарын өндіру технологиясын коммерцияландыру жобасы ұсынылды. Жоба бойынша дайындалған Aqua-Saf сүзгі жүйесі  толықтай отандық өнім болып табылады. Өнімнің коммерциялық аналогтарынан айырмашылығы — сүзгі элементтерін әзірлеуге модификацияланға көміртегі мен графен оксиді қолданылады. Бұл суды ластаушы қосылыстардан эффективті тазартуға оң әсер етеді. Сонымен қатар, сүгзі элеиенттері толықтай жергілікті щикізаттардан алынған. Жобаның жетекшісі – Тілек Қуанышбеков.

Жоба аясында жоғары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған модификацияланған көміртекті материалдар мен графен оксидіне негізделген сүзгі жүйелерін өндіру және коммерцияландыру технологиясы әзірленді. Бұл ғылыми шешім су ресурстарын тиімді пайдалануға, экологиялық қауіпсіздікті арттыруға және өңірлік инфрақұрылымды дамытуға нақты үлес қосады.

Аманжолов университеті ғылымды дамытуға, инновациялық жобаларды қолдауға және ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізуге әрдайым басымдық беріп келеді. Алдағы уақытта да университет тарапынан маңызды ғылыми бастамаларға жан-жақты қолдау көрсету жалғасады.