Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті 2025 жылғы білім беру бағдарламаларының рейтингісінде жоғары нәтиже көрсетті. Зерттеуді Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – Атамекен жүргізді. Рейтинг қорытындысы бойынша университет түлектерді жұмыспен қамту деңгейі бойынша көшбасшы орынға ие болып, бұл көрсеткіш 91,2%-ды құрады.
Рейтинг мамандар даярлау сапасының жоғары екенін және олардың еңбек нарығында сұранысқа ие екенін растады. «Атамекен» ҰКП деректеріне сәйкес, университеттің бірқатар негізгі көрсеткіштері Қазақстан Республикасы бойынша орташа деңгейден жоғары. Атап айтқанда: түлектердің жоғары жалақы деңгейі; ғылыми дәрежесі бар оқытушылардың едәуір үлесі; бір студентке шаққандағы орташа шығындардың жеткілікті көлемі; білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен жаңартуға жұмыс берушілердің белсенді қатысуы.
Түлектерді жұмыспен қамту көрсеткіші бойынша келесі білім беру бағдарламалары ерекше нәтижелер көрсетті:
100% жұмыспен қамту – 11 бағдарлама: Туризм, Биология (ғылыми бағыт), Тарих, Музыкалық білім беру, Журналистика, Экономика және басқару, Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі (БОПӘ), Химия-Биология, Информатика (педагогикалық бағыт), Орыс тілі мен әдебиеті, Психология.
95–98% – 4 бағдарлама: Қазақ тілі мен әдебиеті, Физика–Информатика, Математика–Физика, Арнайы педагогика.
90–95% – 5 бағдарлама: Кәсіптік оқыту, Дене шынықтыру және спорт, Орман ресурстары, Математика–Информатика, Шетел тілі.
Білім беру бағдарламалары сапасының көрсеткіштері тұрақты оң динамиканы көрсетіп отыр. Бұл профессор-оқытушылар құрамының жүйелі жұмысының, жұмыс берушілермен тиімді өзара іс-қимылдың және білім беру үдерісін үздіксіз жетілдірудің нәтижесі.
Қол жеткізілген нәтижелер университет ұжымының жоғары кәсібилігін, ұлттық білім беру кеңістігіндегі позициясын нығайту және бәсекеге қабілетті мамандар даярлау бағытындағы дәйекті жұмысын айқын дәлелдейді.