19 января 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ 2+2 ФОРМАТЫНДАҒЫ ҚОС ДИПЛОМДЫ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту және жоғары білім беру сапасын арттыру мақсатында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Тәжікстан Республикасындағы Сотим Улугзода атындағы Тәжік халықаралық шет тілдері университетімен бірлесіп, бакалавриат деңгейінде 2+2 форматындағы қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске қосуды жоспарлап отыр.

Аталған формат бойынша студенттер білім алудың алғашқы екі жылын Қазақстанда, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-де меңгерсе, келесі екі жылын серіктес шетелдік жоғары оқу орнында жалғастырады. Оқу бағдарламасын толық аяқтап, барлық академиялық талаптарды орындаған түлектер екі жоғары оқу орнының дипломын қатар алу мүмкіндігіне ие болады.

Жаңа қос дипломды бағдарламалар келесі білім беру бағыттары бойынша жүзеге асырылады «Шетел тілі (ағылшын тілі)»; «Орыс тілі мен әдебиеті».

Бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру жұмыстарымен ШҚУ-дің Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасы мен Шет тілдері және аударма кафедрасы айналысады. Осы мақсатта оқу жоспарларын келісу, пәндер мазмұнын үйлестіру, академиялық ұтқырлықты ұйымдастыру және студенттерді іріктеу талаптарын бекіту үшін арнайы жұмыс тобы құрылды.

Бұл бастама студенттерге халықаралық академиялық кеңістікте білім алуға, шетелдік оқу тәжірибесін меңгеруге, кәсіби және тілдік құзыреттерін арттыруға кең мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қос диплом иегерлері еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман ретінде сұранысқа ие болады.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті алдағы уақытта да шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты нығайтып, білім беру бағдарламаларын интернационалдандыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.