30 января 2026
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ӨТКЕН ОБЛЫСТЫҚ ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің IT және жаратылыстану ғылымдарының жоғары мектебі мен Жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар кафедрасының қолдауымен «EdTech & AI: информатика пәні мұғалімдеріне арналған тәжірибе алмасу алаңы» атты облыстық әдістемелік семинар өтті. Іс-шара аралас форматта — офлайн және онлайн — ұйымдастырылып, өңірдегі түрлі білім беру ұйымдарының педагогтерін біріктірді.
Семинардың мақсаты — кәсіби тәжірибе алмасу, педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыру және білім беру үдерісінде жасанды интеллект технологияларын тиімді қолдану жолдарын талқылау болды. Семинарды IT және жаратылыстану ғылымдарының жоғары мектебінің деканы, PhD, профессор Салтанат Әдіқанова құттықтау сөзімен ашып, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес 2026 жыл ресми түрде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғанын атап өтті. Өз сөзінде ол Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлегеннің бастамасымен университетте AI-орталықтың ашылғанын және қазіргі білім беру жүйесінде EdTech пен жасанды интеллекттің шешуші рөл атқаратынын ерекше атап өтті.
Семинар аясында Жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар кафедрасының меңгерушісі Гүлнұр Жүнісова білім беруді цифрлық трансформациялау жағдайындағы мұғалімнің кәсіби дамуына арналған баяндамасын ұсынды.
Баяндамашылар өз сөздерінде информатика сабақтарында EdTech және жасанды интеллект құралдарын қолданудың практикалық тәжірибесін таныстырды; оқу үдерісінде AI-платформаларды пайдаланудың мүмкіндіктері мен жолдарын талқылады; цифрлық бағалау, жобалық оқыту және геймификация элементтерін енгізу бойынша ұсынымдар берді; авторлық әдістемелер мен инновациялық педагогикалық шешімдермен бөлісті.
Семинар жұмысына барлығы 38 адам қатысты, оның ішінде 25 тыңдаушы және 13 баяндамашы болды. Іс-шара қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды. Қатысушылар қатарында университет оқытушылары, өңірлік әдістемелік орталықтың мамандары, әдіскерлер және жалпы білім беретін мектептердің информатика пәні мұғалімдері болды.
Семинар соңында ұсынылған баяндамалар бойынша пікір алмасу өтіп, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сарапшылардан кәсіби ұсыныстар алды.
Өткізілген әдістемелік семинар педагогтердің кәсіби тәжірибесін кеңейтуге және білім беру үдерісіне заманауи EdTech шешімдері мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.


