20 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ЕСЕП БЕРУ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышевтің халық алдында есеп беру кездесуі өтті. Кездесуге университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер және қала тұрғындары қатысты.

Есеп беру барысында қала әкімі Өскемен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол жөндеу және абаттандыру бағыттарында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Сонымен қатар алдағы кезеңге жоспарланған негізгі жобалар мен басым міндеттерге тоқталды.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар тарапынан қаладағы өзекті мәселелерге қатысты сұрақтар қойылып, тұрғындарды толғандырған проблемалар көтерілді. Алмат Ақышев әрбір сұраққа нақты жауап беріп, тиісті салалық бөлімдерге тапсырмалар берілетінін атап өтті.

Есеп беру кездесуі барысында білім беру, жастар саясаты және ғылым саласына қатысты мәселелерге де ерекше назар аударылды. Университет өкілдері қала мен жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Кездесу барысында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетітің өңірдің қоғамдық және әлеуметтік өміріндегі рөлі атап өтілді. Университеттің білім беру, ғылыми-зерттеу және жастармен жұмыс бағытындағы әлеуеті жоғары бағаланып, жоғары оқу орны мен қала әкімдігі арасындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігі айтылды. Сондай-ақ университет базасында осындай маңызды қоғамдық кездесулерді тұрақты түрде өткізу тәжірибесін жалғастырудың маңыздылығы сөз болды.

Аталған іс-шараның Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті базасында өтуі оқу орнының қоғамдық маңызы жоғары алаң екенін көрсетті. Кездесу қала билігі мен қоғам арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған маңызды диалог алаңы болды.