6 февраля 2026
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЗАМАНАУИ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ МОДЕЛІ БОЙЫНША ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде университет қызметкерлері мен шақырылған сарапшылардың қатысуымен «Қазақстанның заманауи конституциялық моделі: билік, қоғам және заң теңгерімі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, проректорлар, декандар, сондай-ақ сараптамалық қауымдастық өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел барысында елде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалардың негізгі бағыттары, ұсынылып отырған конституциялық модельдің мазмұны, билік тармақтарының өзара іс-қимылы мәселелері, сондай-ақ қоғамдағы заң үстемдігін қамтамасыз ету жайы талқыланды.
Негізгі баяндамамен Басқарма төрағасының орынбасары — стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ирина Ровнякова сөз сөйледі. Ол 2026 жылғы 31 қаңтарда ұсынылған жаңа Конституция жобасының баптары бойынша негізгі тұжырымдарды атап өтіп, жаңа Конституция жобасын құрудағы құндылықтық модельге қатысты сараптамалық пікірін білдірді. Әсіресе мәдениет, білім беру, ғылым және инновациялар сияқты құндылықтардың алғаш рет нормативтік деңгейде бекітілгеніне ерекше тоқталды.
Онлайн форматта талқылауға Шығыс Қазақстан облысының Қоғамдық кеңесінің төрайымы, Конституциялық комиссия мүшесі Аяужан Ашимова қосылды. Ол қатысушыларды Конституция жобасын әзірлеу барысы туралы хабардар етті. Оның айтуынша, комиссия құрамында 130-дан астам сарапшы бар, олардың қатарында ғалымдар, заңгерлер және азаматтық қоғам өкілдері бар. Сонымен қатар комиссия жұмысының ашық форматта, қоғамдық талқылауларды кеңінен тарта отырып жүргізіліп жатқаны атап өтілді.
Юриспруденция кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлмира Байркенова өз баяндамасында саяси жүйенің архитектурасын өзгертуге қатысты баптардың мазмұнына тоқталды. Оның айтуынша, құжатта мемлекеттің аумақтық тұтастығы, унитарлығы, ұлттық бірлік пен қоғамдық келісім сияқты негізгі қағидаттар көрініс тапқан.
Сондай-ақ дөңгелек үстел аясында университеттің «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Айжан Картаева сөз сөйлеп, конституциялық реформалардың жастардың рухани құндылықтарын, құқықтық мәдениетін және ұлттық санасын қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
Талқылау ашық форматта өтті. Қатысушылар конституциялық реформаның өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.





