4 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БІЛІМ ЖӘНЕ ТҰРАҚТЫ ДАМУ ҚҰЗЫРЕТТЕРІ ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

2026 жылғы 3 ақпанда С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ІТ және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі, Экология және география кафедрасында «Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экология департаменті» РММ мамандарының қатысуымен «Университетте экологиялық білім және тұрақты даму құзыреттерін қалыптастыру» тақырыбында студенттермен кездесу өткізілді.

Іс-шараға 6В058202 – «Экология» және 6В05203 – «Гидроэкология, менеджмент және трансшекаралық су қауіпсіздігі» білім беру бағдарламаларының студенттері қатысып, Экология департаментінің мамандарымен тікелей танысу мүмкіндігіне ие болды. Кездесуге Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Кашкымбаева Сауле Серикбековна және статистик Мұсаханова Аружан Қаныбекқызы қатысты.

Кездесу барысында мамандар эколог мамандығының практикалық қызметі, мемлекеттік экологиялық бақылау, мониторинг жүргізу және табиғатты қорғау саласындағы негізгі бағыттар туралы жан-жақты ақпарат берді. Сондай-ақ, күнделікті кәсіби қызмет барысында кездесетін нақты өндірістік міндеттер мен болашақ мамандарға қойылатын талаптар кеңінен түсіндірілді.

Аталған іс-шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасының негізгі бағыттарымен тығыз байланысты. Бұл бағдарлама қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға, экологиялық сауаттылықты арттыруға, жастарды табиғатты аялауға баулуға және тұрақты даму қағидаттарын қоғам өміріне енгізуге бағытталған.

Университет қабырғасында өткізілетін осындай кездесулер студенттердің экологиялық сана-сезімін нығайтып, олардың ел болашағы алдындағы жауапкершілігін арттырады. Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экология департаментінің мамандарына ашық диалог, ынтымақтастық және болашақ экологтардың кәсіби қалыптасуына қосқан елеулі үлестері үшін шынайы алғысымызды білдіреміз.