30 января 2026
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЦИФРЛЫҚ ҚҰРАЛДАР МЕН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ АРҚЫЛЫ ОҚУ КОНТЕНТІН ӘЗІРЛЕУГЕ АРНАЛҒАН ОҚЫТУ СЕМИНАРЫ ӨТТІ
Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Цифрлық құралдар мен жасанды интеллект арқылы оқу контентін әзірлеу» тақырыбында оқыту семинары өтті. Аталған іс-шараны университеттің Оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру бөлімі ұйымдастырды.
Семинардың басты мақсаты – профессорлық-оқытушылық құрамның цифрлық сауаттылығын арттыру, заманауи цифрлық құралдар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу үдерісінде тиімді қолдану жолдарын көрсету, сондай-ақ оқу контентін әзірлеудің жаңа тәсілдерін тәжірибеде меңгерту болды.
Оқыту семинары университеттің 1-ші оқу ғимаратында өтті. Іс-шараға университеттің барлық қызығушылық танытқан профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.
Семинар барысында педагогикалық білім және менеджмент кафедрасының сениор-лекторлары — Төлеуханова А.Д., Шакаримова К.К., Кенжебекова Ф.С. спикер ретінде сөз сөйледі. Спикерлер өз баяндамаларында оқу процесінде цифрлық платформалар мен жасанды интеллект құралдарын қолданудың артықшылықтарын, интерактивті оқу материалдарын әзірлеу жолдарын, сондай-ақ цифрлық контенттің сапасын арттыруға бағытталған практикалық әдістерді жан-жақты түсіндірді.
Сонымен қатар семинар аясында жасанды интеллекттің білім беру саласындағы мүмкіндіктері, оның ішінде тапсырмалар дайындау, оқу материалдарын құрылымдау, бағалау жүйесін жетілдіру және оқытушының уақытын тиімді пайдалану мәселелері талқыланды. Қатысушылар ұсынылған құралдарды тәжірибе жүзінде қолданып көріп, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Семинарда және де АСжББББ департаментінің директоры Е.Б. Домалатов сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттер мен олардың шешімдері» атты Жолдауында кадрлар даярлау мен жасанды интеллект негізінде цифрлық трансформацияны жеделдетуге ерекше назар аударылғанын атап өтті. Ол білім беру жүйесінде заманауи цифрлық технологиялар мен ЖИ құралдарын тиімді қолдану – бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың басты шарттарының бірі екенін айтты.
Іс-шара қатысушылар тарапынан жоғары бағаланып, мұндай оқыту семинарларының университетте жүйелі түрде өткізілуінің маңыздылығы атап өтілді. Бұл семинар Аманжолов университетінде білім беру сапасын арттыруға, оқытушылардың кәсіби құзыреттілігін дамытуға және цифрлық трансформация үдерісін одан әрі жандандыруға бағытталған маңызды қадам болды.









