21 января 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ОҚУШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН КӘСІПТІК БАҒДАР БЕРУ ЭКСКУРСИЯСЫ ӨТТІ

Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде №17 Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің 8-сынып оқушыларына арналған кәсіптік бағдар беру экскурсиясы өтті. Іс-шараның мақсаты – оқушыларды университеттің білім беру мүмкіндіктерімен, инфрақұрылымымен және оқу үдерісінің шарттарымен таныстыру.

Экскурсияны аталған мектептің мұғалімі Руслан Исраилов ұйымдастырып, өзі жетекшілік етті. Ол – Аманжолов университетінің Педагогика жоғары мектебіндегі «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының түлегі. Қазіргі уақытта Руслан Исраилов Өскемен қалалық мәслихатының VIII шақырылымының 14 сайлау округі бойынша депутаты болып табылады. Бұл жағдай оқушылар үшін университет түлегінің кәсіби және қоғамдық тұрғыдан табысты қалыптасуының айқын үлгісі болды.

Сапар барысында оқушылар университет музейін аралап, оқу орнының тарихымен, қалыптасқан дәстүрлерімен, жетістіктерімен және танымал түлектерімен танысты. Сонымен қатар оқушылардың ерекше қызығушылығын Dana Bala үздіксіз инклюзивті білім беру орталығына бару оятты. Орталық мамандары инклюзивті білім берудің заманауи тәсілдері, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау жүйесі және жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалар туралы кеңінен ақпарат берді. Бұдан бөлек, оқушылар университеттің басқа да құрылымдық бөлімшелерінің қызметімен танысты.

Кәсіптік бағдар беру экскурсиялары оқушылардың дүниетанымын кеңейтіп, болашақ мамандық туралы түсінік қалыптастыруға және алдағы білім беру бағытын саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті өңірдегі жалпы білім беретін мектептермен ынтымақтастықты нығайтып, кәсіптік бағдар беру жұмысын жүйелі түрде дамытып, болашақ талапкерлерге есігін айқара ашып келеді.