28 января 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «КҮМІС УНИВЕРСИТЕТ 55+» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ДЕНСАУЛЫҚҚА БАҒЫТТАЛҒАН ЖАҢА КУРС БАСТАЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде аға буын өкілдеріне арналған «Күміс университет 55+» жобасы аясында кезекті білім беру бағдарламасы өз жұмысын бастады.

2026 жылғы 27 қаңтардан бастап ШҚУ-дың Кәсіби даярлау және біліктілікті арттыру ресурс орталығында «Рационалды емдік және диеталық тамақтану» бағдарламасы бойынша курстар жүргізілуде.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – тыңдаушылардың рационалды және емдік тамақтану саласындағы теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын қалыптастыру, жалпы денсаулық жағдайын жақсарту, тірек-қимыл аппаратына қолдау көрсету және жас ұлғаюымен байланысты өзгерістердің алдын алу. Сонымен қатар курс аясында тыңдаушылар тейптеу әдістерінің негіздерін меңгереді.

Курс барысында қатысушылар егде жастағы адамдарға арналған рационалды және емдік тамақтану қағидаларымен танысады; кең таралған созылмалы аурулар кезінде диеталық тамақтану ерекшеліктерін үйренеді; денсаулықты сақтаудың дәрі-дәрмексіз әдістері туралы мағлұмат алады; ауырсыну мен ісінуді азайтуға бағытталған базалық тәсілдерін тәжірибеде қолдануды меңгереді; өзін-өзі қолдау деңгейін арттырып, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік алады.

Бағдарламаны медицина ғылымдарының кандидаты Гульнара Куленова  жүргізеді. Лектор ретінде Анель Таранова қатысып, тыңдаушылармен тәжірибелік сабақтар өткізуде.

Сабақтар университеттің «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының базасында ұйымдастырылған.

Айта кету керек, «Күміс университет 55+» жобасы егде жастағы азаматтардың білім алуына, белсенді өмір салтын ұстануына және қоғамға бейімделуіне бағытталған маңызды әлеуметтік бастама болып табылады. Жоба аясындағы мұндай курстар қатысушылардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың өмірге деген құлшынысын арттыруға септігін тигізеді.