16 января 2026
АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП: САРАБДАЛ САНА МЕН АЗАМАТТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК НЕГІЗДЕРІ» ТАҚЫРЫБЫНДА КУРАТОРЛАР КЕҢЕСІ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидаттарын ілгерілету аясында академиялық топ кураторларына арналған кеңейтілген кураторлар кеңесі өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – кураторлардың тәрбие жұмысындағы кәсіби құзыреттілігін арттыру, студент жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жүйелі жұмыстарды күшейту.
Кеңес университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Жанетта Калимолдина кіріспе сөзімен ашылды. Өз сөзінде ол «Заң мен тәртіп» қағидаттары жастар тәрбиесіндегі негізгі бағыттардың бірі екенін атап өтіп, құқықтық сана мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру – жоғары оқу орнының маңызды міндеті екенін жеткізді. Сонымен қатар, сарабдал сана мен адамгершілік құндылықтардың үйлесімі ғана заңға құрметпен қарайтын, жауапты азаматты қалыптастыруға мүмкіндік беретіні айтылды.
Іс-шараға ІТ және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі, Педагогика жоғары мектебі, Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі, Бизнес және құқық жоғары мектебі, сондай-ақ Жоғары колледж кураторлары қатысты.
Кеңес барысында жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру және құқықтық мәдениетті нығайту мәселелері жан-жақты талқыланды. Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Ұйымдастыру-бақылау басқармасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Жандос Мұзтауов интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері, лудоманияның әлеуметтік салдары және цифрлық қауіпсіздік мәселелері бойынша мазмұнды баяндама жасап, студенттер арасында алдын алу шараларын күшейтудің маңыздылығына тоқталды. Ол жастардың қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыру құқық бұзушылықтардың алдын алуда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
Сондай-ақ, учаскелік инспектор Бейбіт Иксанов пен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекция инспекторы Амангелді Дарибаев құқық бұзушылықтың алдын алу тетіктері, профилактикалық жұмыстарды ұйымдастырудың тиімді жолдары және білім беру ұйымдарындағы тәртіпті сақтаудың құқықтық негіздері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Спикерлер кураторлардың студенттермен жүргізетін тәрбие жұмысындағы жауапкершілігіне ерекше назар аударып, практикалық ұсыныстарын ортаға салды.
Кеңес қорытындысы бойынша студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті жүйелі түрде дамыту, сондай-ақ рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту мақсатында алдын алу шараларын тұрақты түрде ұйымдастыру жөнінде нақты ұсыныстар қабылданды. Аталған іс-шара университетте «Заң мен тәртіп» қағидаттарын іске асыруға және саналы, жауапты, құқықтық мәдениеті жоғары жастарды тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам болды.









