6 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде  құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, сондай-ақ құқық саласының мамандары мен сарапшыларының қатысуымен ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Кездесу барысында жаңа Конституция жобасы мен конституциялық реформаның негізгі бағыттары талқыланды.

Кездесуді Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ Басқарма төрағасының орынбасары — Стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ирина Ровнякова модерациялады. Ол Қазақстандағы конституциялық реформаның кезең-кезеңімен жүзеге асырылуының өзектілігін атап өтіп, Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасы тарихи ауқымдағы және стратегиялық маңызы бар құжат екенін айтты. Оның сөзінше, бұл тек құқықтық нормалардың жаңартылған жиынтығы ғана емес, XXI ғасырдың сын-қатерлеріне берілген саналы жауап әрі ел болашағына арналған тұтас көзқарас. Конституция жобасы адамның білімін, қадір-қасиетін және жасампаз әлеуетін басты орынға қоятын ұлттық дамудың жол картасы ретінде қарастырылады.

Кездесудің негізгі спикері онлайн форматта Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылымындағы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, мемлекет және қоғам қайраткері Марат Башимов болды. Ол өз баяндамасында жаңа Конституция жобасының негізгі тұжырымдамаларына тоқталып, құқықтық мемлекет қалыптастырудағы конституциялық өзгерістердің рөлі, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері жөнінде пікір білдірді. Сонымен қатар, заң шығару саласындағы кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, конституциялық реформаларды әзірлеу және қабылдау үдерісінің ерекшеліктерін түсіндіріп, құқық қолдану тәжірибесінде туындайтын өзекті мәселелерді атап өтті.

Кездесу барысында заң кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гульмира Байркенова да сөз сөйлеп, конституциялық реформалардың ғылыми-білім беру кеңістігіндегі маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа конституциялық нормалар студенттердің құқықтық санасын қалыптастыруда ерекше рөл атқарады, ал академиялық ортада конституциялық өзгерістерді талқылау бүгінгі күні аса өзекті болып отыр.

Кездесу аясында қатысушылар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, Конституция жобасындағы жекелеген баптар мен олардың білім беру, ғылым және қоғамдық даму салаларына ықпалы жан-жақты қарастырылды. Пікір алмасу ашық форматта өтіп, қатысушылар өз көзқарастарын еркін білдірді.

Кездесу соңында қатысушылар мұндай іс-шаралардың құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен қоғамдағы құқықтық сананы арттырудағы маңызын атап өтіп, жүйелі ақпараттық-түсіндіру және ағартушылық жұмыстарды жүргізу қажеттігін жеткізді.