12 января 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: ЖОҒАРЫ БІЛІМДІ ДАМЫТУДАҒЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒЫТ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Бұл бастама білім беру жүйесінде цифрлық трансформацияны жеделдетіп, жасанды интеллект технологияларын оқу үдерісіне жүйелі енгізуге жаңа мүмкіндік береді. Осы бастаманы іске асыру аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде 2026 жылғы 12–16 қаңтар аралығында «Жоғары білімдегі жасанды интеллект» тақырыбында қысқы мектеп ұйымдастырылды.

Аталған білім беру алаңы профессор-оқытушылар құрамы мен университет қызметкерлерінің жасанды интеллект технологияларын жоғары білім беру жүйесінде қолдану бағытындағы кәсіби құзыреттілігін арттыруды көздейді. Сонымен қатар білім беру бағдарламаларын жобалау және іске асыру барысында заманауи әдістемелік әрі цифрлық шешімдерді тиімді енгізу мәселелеріне басымдық беріледі.

Қысқы мектеп аясында қатысушылардың оқу үдерісінде жасанды интеллект құралдарын пайдалану дағдыларын жетілдіру, оқытудың сапасы мен нәтижелілігін арттыруға бағытталған инновациялық педагогикалық тәсілдерді меңгеру, сондай-ақ университеттің оқу-әдістемелік қызметіне жасанды интеллект технологияларын енгізудің озық тәжірибелерін зерделеу және тарату жоспарланды. Іс-шара онлайн және офлайн форматта өткізіліп, қатысушылар үшін қолжетімді әрі ашық кәсіби орта қалыптастырды.

Бағдарлама аясында 12 қаңтар күні Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Академиялық саясат және білім беру бағдарламаларын басқару департаментінің директоры Ержан Домалатов «Жоғары білімдегі жасанды интеллектті қолдану» тақырыбында баяндама жасап, білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформацияның негізгі бағыттарына тоқталды.

Өз сөзінде Ержан Домалатов жасанды интеллекттің қазіргі жоғары білім жүйесіндегі рөліне ерекше назар аударды:

«Бүгінде жасанды интеллект – жай ғана технология емес, ол жоғары білім беру жүйесін түбегейлі өзгертетін стратегиялық құралға айналып отыр. Оқу бағдарламаларын жаңғырту, білім алушылардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып оқытуды ұйымдастыру, академиялық процестерді автоматтандыру – мұның барлығы жасанды интеллект мүмкіндіктерімен тығыз байланысты. Сондықтан профессор-оқытушылар құрамының бұл бағыттағы цифрлық сауаттылығын арттыру – уақыт талабы», – деп атап өтті спикер.

Сондай-ақ ол қысқы мектептің практикалық маңызын ерекше атап өтіп, мұндай алаңдар оқытушыларға жасанды интеллектті тек теория жүзінде емес, нақты оқу үдерісіне енгізу жолдарын меңгеруге мүмкіндік беретінін жеткізді.

Жалпы алғанда, қысқы мектеп жоғары білім беру жүйесін цифрландыру мен жаңғыртуға, академиялық қауымдастықтың жасанды интеллект саласындағы кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды диалог алаңы болды. Мұндай бастамалар университеттің білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық тәжірибемен үйлескен заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.