12 января 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ДӘСТҮРЛІ СПАРТАКИАДАНЫҢ ТӨРТІНШІ КҮНІ: ФУТЗАЛДАН ТАРТЫСТЫ ОЙЫНДАР ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде өтіп жатқан дәстүрлі спартакиаданың төртінші күні футзалдан өткен жарыстарға арналды. Аталған спорт түрі қатысушылардың жоғары физикалық дайындығын, командалық үйлесімділігі мен тактикалық ойлау қабілетін талап ететіндіктен, бәсекелер тартысты әрі жоғары қарқында өтті.

Футзал жарысына университеттің жоғары мектептері мен құрылымдық бөлімшелері, Жоғары колледжден құралған командалар қатысып, өзара мықтыны анықтады. Әрбір ойын жанкүйерлер үшін ерекше қызықты сәттерге толы болып, ойыншылардың шапшаңдығы, дәл пас беруі мен нәтижелі шабуылдары айқын көрініс тапты. Командалар жеңіске жету жолында бар күш-жігерін салып, жоғары деңгейдегі спорттық бәсекені көрсетті.

Турнир қорытындысы бойынша 1-орынды Ғылым бөлімінің командасы, 2-орынды Ректорат командасы,  3-орынды Педагогика жоғары мектебінің командасы иеленді.

Жарыс барысында футзалға тән жылдам ойын ырғағы, тактикалық шешімдер мен командалық рух ерекше байқалды. Қатысушылар өзара ынтымақ пен спорттық әдебін сақтай отырып, тартысты матчтар өткізді.

Айта кетейік, дәстүрлі спартакиада университет ұжымы мен білім алушылар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға, бұқаралық спортты дамытуға, сондай-ақ ұжымдық бірлік пен корпоративтік мәдениетті нығайтуға бағытталған. Спартакиада алдағы күндері де өз жалғасын тауып, түрлі спорт түрлері бойынша өтетін болады.