28 января 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «БІЛІМДІ ҰРПАҚ – ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ КӨТЕРГЕН БАСТАМАЛАРДЫҢ ТІРЕГІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Білімді ұрпақ – Ұлттық құрылтай көтерген бастамалардың тірегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара университеттің 1-оқу ғимаратында ұйымдастырылып, білім беру, жастар саясаты, мәдениет және қоғамдық даму саласының өкілдерін бір алаңға тоғыстырды.

Іс-шара тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Жаннета Калимолдинаның алғы сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы көтерген бастамалардың, соның ішінде «Адал азамат» тұжырымдамасының жастар тәрбиесіндегі маңызын атап өтіп, білімді әрі саналы ұрпақ қалыптастыруда университеттердің рөліне тоқталды.

Алғашқы баяндаманы Шығыс Қазақстан облысы Жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Әділбекұлы жасап, «Шығыс Қазақстан жастары: Ұлттық жаңғыру жолындағы стратегиялық қадамдар» тақырыбында сөз сөйледі. Баяндамада Президенттің «Адал азамат» тұжырымдамасын өңірлік деңгейде іске асыру тетіктері, сондай-ақ жастардың білім, ғылым және мәдениет салаларындағы жетістіктері кеңінен қамтылды.

Келесі кезекте «Жастар Рухы» жастар қанаты Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Қорлан Тұғамбаева «Қоғамдық белсенділік және еріктілік – жаңа идеологияның тірегі» тақырыбында баяндама жасап, жастардың мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне қатысуы мен Президент бастамаларын насихаттаудағы жастар ұйымдарының рөлін атап өтті.

Өскемен қаласы әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Бақытжан Ерболқызы «Урбанизация және қала жастары: креативті индустрия мен мәдени ортаны дамыту» тақырыбында баяндама жасап, қалалық жастардың шығармашылық жобаларына қолдау көрсету тетіктеріне тоқталды.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті жанындағы «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Айжан Картаева «Адал азамат» тұжырымдамасы мен Абай ілімінің қазіргі қоғамдағы өміршеңдігі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, Абайдың «Толық адам» ілімінің бүгінгі жастар тәрбиесіндегі рухани-адамгершілік маңызын айқындады.

Сонымен қатар, ШҚО мәдениет басқармасының «Облыстық тарихи-өлкетану музейі» экспозициялық-көрмелік қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Альфия Бакбаева  «Музей – ұлт жадын сақтаушы институт» тақырыбында сөз сөйлеп, тарихи-өлкетану музейлерінің қазіргі кезеңдегі даму міндеттеріне тоқталды.

Іс-шара барысында Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ мұражайының меңгерушісі Назым Аманжолова «Жастардың тарихи санасын қалыптастырудағы университет мұражайының орны» тақырыбында баяндама жасап, білім беру кеңістігіндегі музей қызметінің тәрбиелік маңызын атап өтті.