18 февраля 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ БОЛАШАҚ ЭКОЛОГТАР ҮШІН ТАРИХИ-ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЭКСКУРСИЯ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің 6В05202 – Экология және 6В05203 – Гидроэкология, менеджмент және трансшекаралық су қауіпсіздігі білім беру бағдарламаларының студенттері танымдық экскурсия аясында Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мекемесіне барды.

Экскурсияның негізгі мақсаты – студенттердің кәсіби көкжиегін кеңейту, тарихи-экологиялық ойлау қабілетін қалыптастыру және экологиялық үдерістерді тарихи тұрғыда зерделеу болды.

Іс-шара барысында студенттер Шығыс Қазақстан өңірінің табиғи мұрасына, аймақ ландшафттарының эволюциясына, шаруашылық қызметтің қалыптасуы мен дамуына, сондай-ақ әртүрлі тарихи кезеңдердегі адамның қоршаған ортаға тигізген әсеріне арналған экспозициялармен танысты. Бұл бөлімдер студенттер тарапынан ерекше қызығушылық тудырды.

Сонымен қатар, Қазақстан аумағындағы адам мен табиғаттың өзара әрекеттесуінің алғашқы кезеңдерін бейнелейтін археологиялық материалдар ұсынылды. Аталған мазмұн «Қазақстандағы табиғат пен қоғамның өзара әрекеттесуінің тарихи кезеңдері» тақырыбындағы дәріспен тікелей байланысты болды және теориялық білімді нақты тарихи деректермен ұштастыруға мүмкіндік берді.

Экскурсия барысында табиғи кешендердің трансформациясы, ирригациялық жүйелердің дамуы, кен өндіру үдерістері, сондай-ақ мәдени ландшафттардың қалыптасуы мәселелері кеңінен талқыланды. Бұл тақырыптар болашақ эколог мамандар үшін қазіргі экологиялық проблемалардың тарихи негіздерін терең түсінуге септігін тигізді.

Іс-шараға оқытушылар Жазнаева Ж.К., Орсаринова А.О., Даукенова Б.С., сондай-ақ «Жасыл Толқын» экоклубының белсенді мүшелері қатысты.

Осындай көшпелі сабақтар студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, экология ғылымындағы кешенді ойлау қабілетін дамытуға, кәсіби құзыреттілігін арттыруға зор мүмкіндік береді.