27 января 2026
«АЗАМАТ» ТЕЛЕДЕБАТЫ: АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҮЗДІК СТУДЕНТТЕРІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПІКІРТАЛАС АЛАҢЫНДА
«АЗАМАТ» республикалық интеллектуалдық теледебат бағдарламасының екінші маусымының аймақтық іріктеу кезеңі Павлодар қаласында, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің базасында өткізілді. Оған Аманжолов университетінің студенттері де қатысып, университеттің атын абыроймен қорғады. Атап айтқанда, бұл жобаның аймақтық іріктеуіне Жігер Сарсенбаев пен Мерхат Алмасұлы өз білімдері мен шешендік қабілеттерін ортаға салып, қатысушылар арасындағы пікірталастарда белсенділік танытты.
Аталған жобаның аймақтық кезеңіне еліміздің әр өңірінен келген жоғары оқу орындарының үздік студенттері қатысып, қоғамдық-саяси, әлеуметтік және заманауи өзекті тақырыптар төңірегінде пікір таластырды. Пікірталастар тек теориялық білімге ғана емес, сонымен қатар студенттердің сыни ойлау қабілеті мен логикалық дәлелдерді жеткізу шеберлігіне де бағытталды.
Айта кету керек, бұл беделді теледебат жобасының негізгі кезеңіне Қазақстан Республикасы бойынша ең үздік 32 жоғары оқу орнының студенттері ғана қатысу мүмкіндігіне ие. Бұл — қатысушылардан жоғары білім деңгейі мен интеллектуалдық әлеует талап етілетінін, сондай-ақ жобаның сапалық стандарттарының жоғары екенін көрсетеді.
Аманжолов университетінің студенттері өткен жылғы маусымда да қатысып, өз университетінің абыройын қорғаған болатын. Олар — Жігер Сарсенбаев пен Мерхат Алмасұлы, олардың жетістігі жас буынның азаматтық ұстанымы мен интеллектуалдық әлеуетінің жоғары деңгейін айқын көрсетті.
Осылайша, «АЗАМАТ» жобасы студент жастардың саяси сауаттылығын арттыруға, шешендік өнерін дамытуға, сыни ойлау қабілетін жетілдіруге және елдің қоғамдық өміріне белсенді араласуға зор мүмкіндік береді.
Жоба Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Қазақстан Республикасы Мәжілісінің және «Хабар» телеарнасының қолдауымен жүзеге асырылып, өткен жылы 15 жылдық үзілістен кейін эфирге оралған болатын. Бұл студенттерге арналған зияткерлік алаңның маңыздылығы мен қоғамдық танымдылығын арттыра түсті, сондай-ақ еліміздің білім беру жүйесіндегі ең үздік жастардың интеллектуалдық деңгейін паш етті.



